Құрметке негізделген бұл игі бастама жыл соңына дейін жалғасады
Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардагерге құрмет» акциясы өтті. Жастар саясаты басқармасының ұйытқы болуымен өткен іс шара аясында ерікті жастар майдангерлердің шаңырағына арнайы барып, сый-себет табыстап, жүрекжарды лебізін жеткізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еріктілер ең алдымен ғасыр жасаған жауынгер – Василий Фомич Шипиловтың шаңырағына барды. Олар ардагерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, мерекелік тарту табыстады. Соғыстың куәгері небәрі 18 жасында әскерге шақырылып, алдымен Қызылордадағы байланысшылар мектебінде білім алған. Екінші Беларусь майданында радиостанция басшысы болып, Жеңісті Балтық жағалауында қарсы алған. Бүгінде жасы 102-ге келсе де, майдангер әлі тың. Еріктілерге естеліктерін айтып, бейбіт күннің қадірін ұмытпауға шақырды.
«Мені ешқашан ұмытпайды, жыл сайын құттықтап келеді. Еріктілерге алғысым шексіз! Алдағы жеңіс күнін бірге тойлайық. Соғыстың тауқыметін ешкім көрмесін. Жастар, тату болыңдар, елді, жерді қадірлеңдер. Бейбіт күннің бағасын біліңдер!» – деді Отан соғысының ардагері Василий Шипилов.
Еріктілер Даманск оқиғасына қатысып, шекара шебінде ерлік көрсеткен Оңғарбек Сыдықбековке де құрмет танытты. 1969 жылы Кеңес Одағы мен Қытай шекарасында болған қарулы қақтығыста ол жанқиярлықпен шайқасып, батырлық көрсеткен. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен де марапатталған. Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысқан сарбаздар 1995 жылғы Президент Жарлығымен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Бүгінде ардагер жастармен жиі жүздесіп, тарихи тағылымды дәріптеп жүр.
«Қыздар, балаларым келіп отыр. Істеріне сәттілік!. Үлкенді, ата-әжелерін ұмытпай, құттықтап жатыр. Жағдайларды сұрап келгендеріңе рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ешқандай әскери қақтығыс болмасын», – деді Даманск оқиғасының ардагері Оңғарбек Сыдықбеков.
«Акцияның мақсаты – Отан соғысының 80 жылдығына орай, Алматы қаласының волонтер жастарының атынан ашық аспан сыйлаған ардагерлерімізді құрметтеу, оларға деген сый-құрмет маңыздылығын көрсету. Ардагерлер – қоғамның бір бөлшегі екенін, жастар оларды ұмытпау керек екенін дәріптегіміз келеді», – деді қалалық еріктілер фронт-офисінің координаторы Әсем Ғазиз.
Айта кетейік, «Ардагерге құрмет» акциясы жыл басынан бері жалғасып келеді. Қазірге дейін оннан аса майдангерге ізет көрсетілді. Жоспар бойынша шаһардағы соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген азаматтардың барлығы қамтылмақ. Құрметке негізделген бұл игі бастама жыл соңына дейін жалғасады.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматы фотосурет көрмесі өтті