Астанадағы автотұрақтар мемлекет меншігіне өтеді

Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев та бас қалаға көш түзегендерге шектеу болмайды деп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада бір пәтерге бірнеше адамды тіркеуге шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Астанадағы автотұрақтар 100 пайыз мемлекет меншігіне өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Мәжілісте бас қала тұрғындарының саны болжанған көрсеткіштен әлдеқашан асып кетіп, инфрақұлымның барлық түріне салмақ түсіре бастағанын тілге тиек етті. Журналистердің сұрағына жауап берген Серік Жұманғарин көшке тыйым салмаймыз, тек бір пәтерге бірнеше адамды тіркеуге шектеу қою керек дегенді баса айтты.

 «Миграцияны қалай шектеуге болады? Бір мекен-жайда бейберекет, ретсіз адамдарды тіркеген. Бір үйде 3450 адам тіркелген. Олертең жүктеме жасайды ғой. Адамның қайда тұратынын, таңдауын ешкім шектемейді. Бізде ондай құқық жоқ», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Астана әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев та бас қалаға көш түзегендерге шектеу болмайды деп отыр. Болжам бойынша 2035 жылға қарай шаһар халқының саны екі жарым миллионға жетеді. Ал бір пәтерге бірнеше адамды тіркеу арқылы табыс тауып отырғандарға жауапкершілік күшейтілетінін жеткізген жергілікті билік өкілі меншік иесі үй құжатына тек жақын туыстарын ғана енгізе алатынын айтты.

 «Заң бұзғандарды анықтамаймыз. Бүгінге дейін пәтерлерге тіркелгендер өзгеріссіз қалады. Ал 10 шаршы метр баспанаға сол шаңырақтың иесінің және оның жұбайының туыстары тіркеуге тұра алады. Егер пәтер көлемі үлкен болса, өзге де жақындарын қосуға болады», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев.

Экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша,  Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте пәтеріне шектен тыс тұрғындарды тіркеген азаматтарға 39 мың 320 теңге айыппұл қарастырылған. Бүгін Мәжілісте қаралған заң жобасында бұл соманы екі есе көтеру ұсынылды.

 «Заң жобасында бұл соманы 78 мың 640 теңгеге жеткізу ұсынылып отыр. Мұндай заңсыздықтарға жол берген халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары да жаза арқалайды. Жалған құжат жасау әрекеті анықталса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін», – деді ҚР Экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков

Айта кетейік, Мәжілісте Астанадағы автотұрақтардың 100 пайыз мемлекет меншігіне өтетіні де айтылды. Қала әкімі орынбасарының дерегінше, бұған дейін оларға бас-көз болып келген жеке компания мен әкімдік арасындағы келесімшарт бұзылған. Жергілікті атқарушы орган автотұрақтар кеңістігін толық өз бақылауына алмақ.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Өз туыстары зорлаған: мүгедектігі бар жігіт жылдар бойы қорлық көріп келген

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров