Еске сала кетейік, жаңа полигонның құрылысы 2016 жылы басталған
Атыраудағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын полигон әбден ескірген. Қазір мұнда шамамен 3 млн тоннадан астам қоқыс бар. Өңделмеген, тазармаған аумақтан түптеп келгенде ауаға тарайтын зиянды заттар да аз емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала іргесіндегі қоқыс полигонының аумағы 35 гектар. Күніне 350 тонна қоқыс қалдықтары жеткізіледі. Ал сұрыптаусыз тасталған қалдықтар өртеліп, жерге көміледі. Алайда онсыз да экологиясы ақсап тұрған аймақтың тынысы, тіпті тарылып жатыр. Өйткені ауаға тараған зиянды қалдықтардан түрлі аурулар көбейген. Ал ең сорақысы, полигондағы бей-берекет қоқыс онсыз да көп болған соң, тұрғындар ескі-құсқысын қала шетіне төге бастаған. Биыл 100-ге жуық заңсыз қоқыс алаңы анықталған.
"2021 жылғы Экологиялық кодекс бойынша заңсыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені ол жерді қоқыс фракциялары ешқандай сұрыпталудан өтпей қордалануда. Нәтижесінде органика түрлі улы заттар бықсып, өртеніп қала халқының тынысын тарылтуда", – деді облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин.
Жаңа полигон салу мәселесі он жылдан бері айтылып жүр. Құрылысқа жауаптылардың сөзіне сенсек, жобаға түзетулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, жаңа полигонның құрылысы 2016 жылы басталған. Бірақ бірнеше себептермен ол жұмыс жалғасын таппады.
"Қазіргі таңда ЖСҚ-ға жерасты суларының көтерілу мәселесіне, халық санының көбеюіне байланысты түзету енгізіліп жатыр", – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков.
Қалада екі полигон қолданыста. Оның өзі әбден ескірген. Соның өзінде жағдайды бірқалыпта ұстау үшін мамандар қоқыс алаңын тазартып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп тұратын көрінеді.
" Атырау қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы тарапынан электронды конкурс жарияланып, рекультивация жұмыстары бойынша жеңімпаз анықталған болатын. Жаңа полигон құрылысы аяқталғаннан кейін қаладағы қоқыс мәселесі шешімін табады деп жоспарлап отырмыз", – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Өңірде жаңа полигон ашылса, қоқыс мәселесі түбегейлі шешілмек. Әрі аталған аумақ толығымен өңделіп, қала балансына тапсырылмақ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Елімізде электр қуатымен жүретін көліктер саны артып келеді