Зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ
Таңғы сағат 06:00 шамасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің №2 жатақханасы ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.
«Студенттер даңғылы,29 мекенжайында орналасқан ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында университеттің шаруашылық бөлімі бірінші қабаттың қабырғасынан ақау анықтап, бұл жөнінде тиісті органдарға хабарлаған. Артынша Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіп, оны апатты әрі тұруға қауіпті деп таныды. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 ақпаннан бері бұл жатақханада ешкім тұрмайды», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Атырау облысының Құрылыс басқармасы университетпен бірлесіп, апатты қос жатақхананы бұзып, орнына 900 адамға арналған заманауи жаңа жатақхана салуды қолға алды. Жобалық-сметалық құжаттаманы «Авангард-ОК» ЖШС әзірлеген. Құжаттама қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Оқи отырыңыз: Руслан Берденовке оқ атқан күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғады