Алтынай  Көбеева: Қоғамдық кеңес – қала тұрғындарының алаңдатқан өзекті мәселелерді шешетін алаңға айналды

200-ден астам іс-шара өтіп,  тұрғындар мен әртүрлі ұйымдардың 70 арыз-шағымы қаралған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаланың тұрғын үй-коммуналды шаруашылығынан бастап, экология мен қоғамдық қауіпсіздікке дейінгі мәселелерін қамтыған қалалық қоғамдық кеңестің №1 комиссиясы өз жұмысын қортындылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында №1 комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Шөпшекбаева осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, комиссия 24 отырыс өткізіп, онда аудан әкімдігі, қала басқармасы, полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің есебі тыңдалған. Соның нәтижесінде алматылықтардың өмір сапасын, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 240 ұсыныс жасалды.

«Комиссия мемлекет пен азаматтық қоғамның арасында байланыс орнататын тиімді алаң екенін дәлелдеп отыр. Біз бар мәселені назарға алып қана қоймай, оның шешудің нақты жолын ұсынамыз»,- деп атап өтті Айгүл Шөпшекбаева. 

Спикердің айтуынша, Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен  жүйелі түрде жұмыс істеуге көп көңіл бөлінген. ТКҚ, көлік пен экология саласындағы жемқорлықты жоюды көздейтін іс-шаралардың жоспары жасалған. Соның бірі – ұсыныстың орындалу барысын қадағалап, оқытып, цифрлық шешімдерді өндіріске енгізу.

 «Біз билік органдарының ашық болғанын, есеп беріп отырғанын қалаймыз. Цифрлы құралдар, карта жасап,  арыз-өтінішке арнап QR-кодтар  енгізіп жатқанымыз содан. Халық осының арқасында ақпаратты тікесінен алып, қоғамдық бақылау да күшейеді»,- деді.

 Сонымен бірге, комиссия тұрғындармен, эксперттермен,  комплаенс-офицерлермен, ұйымдармен жұмыс істеуге көңіл бөліп отыр. 200-ден астам іс-шара өтіп,  тұрғындар мен әртүрлі ұйымдардың 70 арыз-шағымы қаралған. Оның 52-сі шешімін тауып, қалғанына түсініктеме берілген.

Ал «Ақпараттың ресурс орталығы» ҚҚ директоры, Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің  төрағасы Алтынай  Көбееваның  айтуынша, 3 жылда қоғамдық кеңес 40 жалпы отырыс өткізіп, 61 өзекті мәселені қараған онда. Президиумның 26 отырысын, комиссияның ай сайынғы бес кездесуін өткізген.  Соның арқасында кеңестің құрамына резервтегі тізімде тұрған 15 адам қосылған жаңадан. 

 «Біз сол уақытта сегіз аудандық әкімдіктің, 76 мемлекеттік органның,  мекемеге қарасты 61 ұйымның есебін тыңдадық. Оның көбіне ұсыныс әзірлеп, қазір солар жүзеге асып жатыр»,- деді   Алтынай  Көбеева.

 2023 жылғы сәуір айынан 2025 жылғы наурыз айына дейін сегіз ауданда 176 диалог өтіп, оған 5292 адам қатысты. Олар – кеңес мүшелері, эксперттер, мемлекеттік қызметтің өкілдері мен қала тұрғындары.

Эксперттік топ ерекше назар аударған бағыттың бірі — соңғы үш жылда 85 қоғамдық мониторинг өткізіліп, 262 нормативтік құқықтық актіге сараптама жасалды.

Сонымен бірге экология, денсаулық сақтау, рухани тәрбие, қоғамдық көлік, сервистік полицияға қатысты ең маңызды мәселелер қаралған 6 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып,  28 дөңгелек үстел, қала және аудан әкімдерімен 140 кездесу өтті.

 «Қоғамдық кеңес – қала тұрғындарының алаңдатқан қоғамдағы түйіткілдер мен өзекті мәселелерді шешетін маңызды алаңға айналды. Үш жылда қала тұрғындары мен заңды тұлғалардан 891 өтініш түсіп, 795 өтінішке нақты жауап берілді»,- деп қосты Көбеева. 

Басқармалардың бюджетіне мониторинг жасаудан бастап әлеуметтік маңызы бар мәселелерге ұсыныс енгізуге дейінгі дүниелерді қамтыған 18 іс-шара өткізілді. Ақпараттық жұмыс жүргізіліп, ресми сайт пен әлеуметтік желіге 1366 мақала шықты.  Кеңес мүшелері де өзінің жеке парағында жұмыс барысын көрсетіп отырды.

«Қоғам мен биліктің арасында дәнекер болып, байланыс орнатуда Қоғамдық кеңестің орны ерекше екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Қаланы қолдан келгенше алматылықтарға қолайлы етіп, ізгілендіру үшін кез келген адамның  арыз-шағымын аяқсыз қалдырмауға барымызды салып жатырмыз», - деп түйіндеді Алтынай Көбеева.

Оқи отырыңыз: Алматыда BRT құрылысы кезінде қайта пайдалануға болмайтын бүлінген жиектер ғана ауыстырылады

Новости партнеров