Атыраулық студенттер банан мен апельсин қалдығынан тері жасады

Жобаны жан-жақты дамытуды мақсат еткендер түрлі халықаралық байқауларда да бақ сынап көрмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраулық студенттер банан мен апельсин қалдығын пайдалана отырып тері жасап шығарды. Тың идеяны жүзеге асыру үшін олар жарты жыл тыңғылықты дайындалған. Ал жоба аймақтың экологиясын жақсартуға ықпал етпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Дмитрий Ургачев пен Дильназ Досмұхамедованың кезекті шедеврі. Жастар банан мен апельсин қалдығын пайдалана отырып тері жасап шығарған. Бұл іспен былтыр күзден бері айналыса бастаған олар  қаладағы дәмханалардан жеміс қалдықтарын жинап, ойларын жүзеге асырыпты. Ал кейіннен бұл өнімді қамыстан да дайындапты. 

 «Бұл өнімдерді әртүрлі аксессуар жасауға пайдаландық. Қарындаш, қалам салуға арналған қорап бар. Алдағы уақытта сөмке және ұялы телефонға арналған қап жасауды жоспарлап отырмыз. Экологиялық таза өнім болғандықтан, өте ыңғайлы болады деп ойлаймыз, – деді студент Дильназ Досмұхамедова.

Былтыр жас ғалымдар түрлі құрылыс қалдықтары мен қамыстан жаңа бұйымдар жасап шығаруды қолға алған еді. Содан бері тыным таппаған олар жоба аясын кеңейтуді көздепті. Мәселен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқанының негізінде осындай жобалар қаржыландырылып, өндіріске енбек.

 «Клубтың мақсаты – тек сенбіліктер емес, экологияның өміршеңдігін әрі қарай жалғастыру үшін түрлі экологиялық жобалар стартап жобаларға да қолдау жасау. Соның бірі – біздің «Стартап-2024» жобасының жеңімпазы әйнек қалдықтарынан шыны бұйымдар жасау жобасы, – деді жоба жетекшісі Жанерке Мұстахим.

Өнертапқыштар аталған істі одан әрі жалғастыруды көздеп отыр. Жобаны жан-жақты дамытуды мақсат еткендер түрлі халықаралық байқауларда да бақ сынап көрмек. Олардың алғашқысы сәуірде басталады.

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау

Оқи отырыңыз: Құрылтай: Мемлекет басшысы ғылым қалашығын құру туралы заң дайындауды тапсырды

Новости партнеров