Yandex Qazaqstan: Алматы оқушылары IT негіздерін тегін меңгере алады

Yandex бағдарламалау мектебі – Python тілінде бағдарламалау негіздерін үйрететін, халықаралық деңгейде білім беруге бағытталған жоба

Жаңалықтармен бөлісіңіз

14 пен 17 жас аралығындағы Алматы оқушылары енді Yandex Qazaqstan-ның бағдарламалау мектебінде IT негіздерін тегін меңгере алады. Білім беру жобасының аясында компания қызметкерлері тәлім алушыларға экскурсия ұйымдастырды. Оқушылар білікті мамандармен тілдесіп, олардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Yandex бағдарламалау мектебі – Python тілінде бағдарламалау негіздерін үйрететін, халықаралық деңгейде білім беруге бағытталған жоба. Мекемедегі сабақтар аптасына екі реттен бір жарым сағат бойы өткізіледі. Орталық 14 пен 17 жас аралығындағы оқушылардың IT саласына қадам жасауына көмектеспек.

 «Курс – «Python негіздері» деп аталады. Шын мәнінде, бұл өте маңызды бағдарлама. Көп тақырып қамтылған. Біз барлығына жауапкершілікпен қараймыз. Оқушылар бір жыл бойы білім алады. Өзін көрсете білгендер бізде жұмыс істей алады», – деді Yandex Qazaqstan бағдарламалау мектебінің оқытушысы Бақыт Жүсіпов.

Экскурсия барысында оқушылар Yandex қызметкерлерінің дәстүрлі жиналысына қатысты. Пікір алмасқаннан кейін, олар сала мамандарының жұмысын бақылап, қызықтырған сауалдарына жауап тапты. Одан бөлек, жасөспірімдер мұражайды аралап, ретро-компьютерлерде ойын ойнап көрді. Есептегіш техникалардың даму тарихын, жасанды интеллект кезеңіне дейінгі өзгерістерді білді.

 «hard, soft skills, devops дегеннің не екенін білдім. Қызықты көрінеді. Экскурсия да ұнады. Кеңседен өзгешелікке толы көп дүниені көрдім. Себебі кез келген жұмыс орнында спортзал мен йога залдары жоқ», – деді бағдарламалау мектебінің оқушысы Джалиль Ғабитов.

Yandex бағдарламалау мектебі Қазақстанда 2017 жылдан бері іске асырлып келеді. Бұған дейін жоба Алматы мен Астанадағы оқу орындарында жұмыс істеді. 2023 жылдан бері бағдарламаға Петропавл, Қостанай және Талдықорғандағы білім ордалары қосылды. Ал бағдарламалау мектебі былтыр ғана Шымкент қаласында жұмысын бастады.

Атап өтейік, 7 жыл ішінде білім беру бағдарламасын 258 адам сәтті аяқтаған.

Рүстем Айткәрім, Аида Иманәлі, Хангелді Ахметханов

Новости партнеров