Нартай Аралбайұлының айтуынша, авторлық қоғам әр орындалған шығармадан түскен қаржының 70 пайызын алып, 30 пайызын ғана туынды иесіне береді
Авторлық қоғам композиторлардың құқығын бұзып отыр. Бүгін Мәжілісте тиісті заң жобасын талқылау барысында депутаттар аталған ұйымдарға қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәжілісмен Нартай Аралбайұлының айтуынша, авторлық қоғам әр орындалған шығармадан түскен қаржының 70 пайызын алып, 30 пайызын ғана туынды иесіне береді. 2023 жылы ұжымдық ұйымдарға 1 миллиард 550 миллион теңге түссе, авторлар соның 439 миллион теңгесін ғана алған. Өз кезегінде Әділет министрі бұл мәселе өте күрделі екенін растады.
«Бұл мәселені шешу үшін екі қадам керек. Біріншіден, заңгерлік жағынан тиісті заңдарға өзгеріс енгізуіміз қажет. Ал екіншіден, ұйымдастыру жағы болуы керек. Біз бүгіннен бастап тиісті платформаны әзірлеп жатырмыз. Ол платформаны күзге дейін жазып боламыз», – деді ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің мәліметінше, былтыр авторлық ұйымдарға 1 миллион 700 миллион теңге түссе, оның 920 миллион теңгесі ғана авторларға үлестірілген. Ал заңға сәйкес өнер иелеріне қаржының 70 пайызы берілуі керек. Осыған байланысты Ерлан Сәрсембаев «саланы цифрландыру қажет» дейді. Сонда ғана мемлекет те, автор да өзінің төл туындысы қай жерде, қанша рет орындалғанын, одан қанша табыс түскенін жеке кабинеті арқылы толықтай бақылап отырады. Депутаттар тиісті заң авторлық қоғам төңірегіндегі дауларға нүкте қоюы үшін маңызды деп отыр.
«Жаңағы айтып жатқан мемлекеттік тізілім жасау деген бұл тек қана авторлардың құқығын қорғау емес, сонымен қатар мемлекетке артық түсім бюджетке ақша келеді. Жоқ дегенде 22 өңірден 22 инспекторды жұмысқа алғанның өзінде 30-ға жуық қосымша жұмыс орны екенін ескерерсіздер», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт.
Оқи отырыңыз: Сыр өңірінде 150 жыл бұрын жазылған Құран көпшілікке таныстырылды