Ойындар жалпыға қолжетімді қосымшасда мыңдаған аудиторияны тарта отырып жүргізілген
Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің бірнеше облыстарында жұмыс істеген заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырушыларын Солтүстік Қазақстан облысында анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, 100 мың теңгеге дейінгі ставкалары бар покер ойындары «Club GG» жалпыға қолжетімді қосымшасында мыңдаған аудиторияны тарта отырып, 40-тан астам ойын үстелдерінде өткізілді.
«Құмар ойындарға қатысу үшін сайтта баланс толтыру мүмкіндігі бар және қатысушыларды тарту үшін 20 операторы жұмыс істейтін Call-орталығы бар телеграм-арнаға сілтеме жарияланған. Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы жүзеге асырылды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін құқық бұзушылар айналымның 10% алып отырған. Жыл басынан бері ғана қатысушылардың банктік шоттарына түскен қылмыстық табыс сомасы 55 млн теңгеден, қатысушылардың саны 4 мың пайдаланушыдан асады», - делінген ҚМА хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы тұрғылықты жерлері бойынша, автомашиналарда, кеңселерде ондаған ноутбуктер мен компьютерлер, ұялы телефондар, ақша қаражаттары, мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылды. Сонымен қатар иісі бар өсімдік тектес есірткі заты, қаруға арналған оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар табылды. Телеграм-арна бұғатталды, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
«Жалпы, жыл басынан бері Агенттік 19 заңсыз жасырын, онлайн казино, 1 букмекерлік кеңсе, TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі ойындардың 11 онлайн трансляциясы, 12 ойын автомат залы және ойын терминалдарының заңсыз қызметінің 3 фактісін тоқтатты. 1200-ге жуық ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері, рулеткалар, сондай-ақ 262,7 млн теңге сомасында ақшалай қаражат тәркіленді. Айта кетейік, ҚМА-ның заңсыз ойын бизнесімен күрестегі қызметі алдын алу шараларына бағытталған. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз мазмұндағы 5,8 мың сайт пен сілтеме бұғатталды», - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында 170-тен астам интернет-сайт иелері алаяқтықпен айналысқан