Ел аумағында ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы жүріп жатыр
Биыл елімізде 51 адам коронавирус жұқтырған. Былтырмен салыстырғанда сырқаттанғандардың саны 7 есеге азайған. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маманның сөзінше, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, ел аумағында ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы жүріп жатыр. Бүгінге дейін 1 мың 600-ден астам адам ауырса, 2,5 миллионға жуық тұрғынға тұмауға қарсы екпе салынған. Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың нәтижесінде қызылша мен көкжөтел бойынша жағдай тұрақталған. Биыл 64 адам қызылшаға шалдықса, 55 тұрғын көкжөтелмен ауырған.
"Аурудың алдын алу үшін қарапайым профилактикалық шараларды сақтауды ұсынамын. Жабық ғимараттарда адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу, науқас адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз етіп, жедел респираторлық-вирустық инфекция мен тұмау белгілері байқалса балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу керек", – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова.
Оқи отырыңыз: МӘМС: диагностикалық қызметтің өсуі ауруды ерте анықтауға әсер еткен жоқ - Дания Еспаева