Дәрігерге де көмек керек: жедел жәрдем қызметкерлері музыка мектебін паналап жүр

Almaty.tv
Almaty.tv

Бұған дейін дәмхана мен музыка мектебін паналаған ақ халаттылар 1 қазаннан бастап қайда қоныстанары да жұмбақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысындағы құлауға шақ тұрған ғимарат жедел жәрдем қызметкерлерінің панасына айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Гүлдермен өрнектеліп, сахнасы сәнденген бұл жер акт залы деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда мүлде олай емес. Бұл медицина мамандары яғни жедел-жәрдем  қызметкерлері мекендеуге мәжбүр болған көне музыка мектебі. Байқасаңыздар таза жерде сақтаулы тиіс, басқа да медициналық құрал-жабдықтарға жағдай жасалмаған. Ақ халаттылар бес күнде бұл ғимаратты да босатуы керек.

"2024 жылы қарашада жаңа ғимарат салып береміз» деген. Бір жыл өтті. Ал 1 қазаннан музыка мектебінен шығарып жатыр. Қарасай ауданы бойынша 500 мың халық бар", – деді Қарасай аудандық Жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Сандуғаш Сәрсенбаева.

"Күзетшілер де 140-130 мың теңге жалақы алмайды. Адамның өмірін құтқарып, өмірімен күресіп жүрген адамбыз. Тұрғындар ауырған соң, хабарласады. Ал біз екі сағат кешігіп барамыз. Көлік жоқ, сынып қалған", – деді Қарасай аудандық Жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Айсұлтан Айболов.

Тұрақты тұрағы жоқ қызметкерлер былтыр дәмханаға қоныстанған. Ол кезде де басшылық уәдені үйіп-төгіп, жағдайды реттейміз деп сендірген. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ.

"Бір жыл бұрын кафеде бір ай тұрдық. Ал мына ғимаратта ешқандай жағдай жоқ, егеуқұйрық қаптап кеткен", – деді Қарасай аудандық Жедел жәрдем бөлімінің фельдшері Олжас Аманқосов.

Ал жүргенінен тұрғаны көп транспорт жүргізушілері де қауырт шақыртуларға кешігіп баратынын жасырмайды. Өйткені көлік аз, жүктеме көп. Тендерге телмірген техниканың да тұрып қалғанына біраз болған.

"Көлік бұзылса, өзіміз жасаймыз, майын ауыстырамыз. Жалақымыз 130 мың теңге. Отбасына жетпейді, несие төлейміз", – деді Қарасай аудандық Жедел жәрдем бөлімінің көлік жүргізушісі Мәлік Иманғалиев.

"Келесі жылы станса салынады. Талғар ауданы, Еңбекшіқазақ, Алматыға жақын аудандардың ғимарат табу қиын. Қазақстан бойынша барлық жерде бірдей жалақы алады", – деді облыстық Жедел жәрдем стансасының директоры Есхат Жантоқов.

Уәде берген бастықтың сөзіне ешкім сенбеді. Басшылық бірден көліктерді жөндеуге жөнелтті. Ал жылдар бойы күрмеуі шешілмеген мәселенің қашан, қалай шешілері әлі белгісіз. Бұған дейін дәмхана мен музыка мектебін паналаған ақ халаттылардың қайда қоныстанары да жұмбақ.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Желге ұшқан ақша: Көне-Тараз музейі кәдеге жарауы мүмкін

Новости партнеров