Кірістер комитеті камералдық бақылау табыс тапқан барлық тұлғаға теңдей жүргізілетінін еске салады
Кешелі бері БАҚ беттерінде дүркіретіп той өткізген жандар салық төлейді деген ақпарат тарап жатыр. Жаңашылдықтың мән-жайын Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Әңгіме жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысатындарға қатысты болып отыр. Комитет қызмет түріне қарамастан, жеке тұлғалардың салық төлеу міндетін әкімшілендіру арқылы қадағалайды. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын адамдар, яғни іс-шара жүргізушілері, тамадалар, әншілер салық міндеттемелерін басқа азаматтар мен кәсіпкерлер сияқты жалпы негізде орындайды, бұл салық салудың әділдік қағидатына сәйкес, — деген жауап алдық комитеттен.
Осы орайда Кірістер комитеті камералдық бақылау табыс тапқан барлық тұлғаға теңдей жүргізілетінін еске салады.
Айта кетсек, ақпаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті табысын төмен көрсеткен 594 блогерге қатысты 53,3 млрд теңгенің хабарламасын жібере бастады. Тексеру, салыстыру қорытындысы бойынша 594 тұлғаның табысында 53,3 млрд теңгеге сәйкессіздік анықталған.
Кейін табыс салығын төлеуге жататын блогерлер миллиардтаған кірісін көрсете бастады.
Оқи отырыңыз: Қазақстан бойынша айт намазының кестесі шықты