Елімізде 100-ге жуық базар жаңартылады

Қазақстанда былтыр сауда-саттық өсімі өнеркәсіп саласын басып озған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда былтыр сауда-саттық өсімі өнеркәсіп саласын басып озған. Бұған елдегі халық табысының өсуі, инфляцияның бәсеңдеуі мен тұтынушылық несиелеудің артуы себеп, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы жылдары Қазақстандағы ішкі сауда нарығы қарқынды өсуін жалғастырып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы еліміздің жалпы тауар айналымы 69,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл былтырмен салыстырғанда 9,1 пайызға артық. Тауар айналымының басым бөлігі көтерме саудаға тиесілі десек, мұндағы көрсеткіш 47,3 триллион теңгеге, ал бөлшек сауда әдеттегідей ішкі нарықтың 30 пайыздан астамын қамтып, 22,4 триллионға жеткен. Бұл өсімге негізінен тұтыну нарығындағы белсенділік ықпал етіпті. Сауда-саттықтың жоғарғы көрсеткіші саналатын көтерме сауданың аймақтық үлесіне тоқталатын болсақ, Алматы 36,6 пайызбен көш бастап тұр. Алғашқы үштікте елорда мен Атырау облысы бар. Олардың үлесі 17 және 14 пайыз, Оңтүстік Астанадан екі есе аз. Бөлшек сауда үлесі бойынша да Алматы алдыңғы орында тұр. Одан соң Астана мен Қарағанды облысы орналасқан. Бұл көрсеткіштер елдің басты мегаполисінің сауда саласындағы маңызды рөлін айшықтап отыр.

Ел арасында әрқашан актуалды азық-түлік мәселесінің мән-жайын айтсақ. Мұндағы бөлшек сауда көлемі 7 триллионнан асып, 9 пайызға артқан. Өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық бар. Себебі 2022-2023 жылдары жоғары инфляцияға байланысты азық-түлік айналымы 5,4 және 3,4 пайыз ғана болған. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,1 триллион теңге көлемінде сатылып, 10,2 пайызға көбейіп отыр. Бұған тұтынушылық несиенің өсу қарқыны әсер еткен. Былтыр 11 айдың ішінде 13,5 триллион теңгеге берешек алынған. Атамұрат Шәменовтың айтуынша, сауда-саттық саласында серпін бар.

"Сауда жасауға қиындықтар бар деп айта алмас едім. Сауда өзінің орнында. Шағын және орта бизнеске 5-6 жылдың төңірегінде Үкімет тарапынан субсидиялау, жеңіл несие беру деген сияқты жеңілдік болды. Ішкі өніміміздің көлемін көбейту үшін де, ішкі өндірісімізді жолға қоюымыз керек. Оған көмектесуіміз керек. Үкімет қолдап отыруы керек", – деді экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов.

Министрлік әзірлеген Жол картасына сәйкес, елде 100-ге жуық базар модернизациядан өтеді деп жоспарланған. Ал Алматыда «Арлан», «Батыр», «Тұлпар», «Арыстан», «Жібек Жолы» мен «Азия», «Тау Самалы», «Береке», «Саудакент» және «Сарыарқа» сында сауда орындарында жаңғырту жүргізіледі. Жұмыс 2025 жылы желтоқсанда аяқталуы тиіс. Сауда туралы заңнамаға сәйкес, барлық базар заманауи стандарттарға сай болуы қажет. Атап айтқанда, сыйымды автотұрақ, санитарлық тазалық және талапқа сай өрт қауіпсіздік жүйесін орнату міндеттеледі. Сондай-ақ онлайн төлем жасау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі керек. Бұл – маңызды фактор.

Еске сала кетейік, 14 қаңтарда өткен Үкімет отырысында да онлайн-сауданы дамытуға ерекше назар аудару керек екенін айттылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында электронды сауда көлемі 3,2 трлн теңге болған, бұл бөлшек сауда айналымының 14,5 пайызы. Сонымен қатар шетелдік интернет-дүкендер мен платформалардың қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, тұтынушылардың құқығы мен жеке мәліметтерін қорғау қажеттілігі басты назарда. Сарапшылардың пікірінше, сауда саласындағы тың өзгерістер ел экономикасының тұрақтылығы мен халықтың сатып алу қабілетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Несиені мерзімінен бұрын өтеген кезде нені ескеру керек

Новости партнеров