Елімізде 97 пайыздан астам ауыл әкімдері сайлау арқылы тағайындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілді. 2021-2024 жылдары 2 641 әкім сайланды. Олардың 70 пайыздан астамы бұл лауазымға алғаш рет келді. Жалпы алғанда, 97 пайыздан астам ауыл әкімдері сайлау арқылы тағайындалды", — деді Бауыржан Омарбеков.
Бұдан бөлек, вице-министр Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Аманат» партиясы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен қалалар, ауылдар мен кенттер әкімдерін қайта даярлау бағдарламасын әзірлегенін айтты.
"Бағдарламаның негізгі мақсаты — жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін тиімді шешу, әкімдердің кәсіби және басқарушылық құзыреттілігін арттыру арқылы өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар ауылдық округтердің экономикалық дамуының бағдарламаларын әзірлейді. Қазіргі уақытта бағдарлама аясында 17 өңірден 1 815 ауыл әкімі білім алып жатыр", — деді ол.
Таяуда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын айтқан еді.
Оқи отырыңыз: Қалдықты қайта өңдеу: Олжас Бектенов ведомстволарға нақты 5 тапсырма жүктеді