Елімізде ең арзан баспананы қай қаладан сатып алуға болады

Баспанаға қол жеткізу үшін түрлі ипотекалық бағдарламалар қарастырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда тұрғын үй бағасы өсті. Былтыр жылжымайтын мүлік нарығы айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, жаңа және екінші нарықтағы баспананың құны көтерілген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанда баспана бағасы жылдан-жылға өсіп келеді. Былтыр жыл соңында жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы бір шаршы метріне 500 мың теңге межесінен асты. Баға 3 пайызға артып отыр. Ал негізгі қымбаттау кезеңі күз айларында байқалған. Былтыр екінші нарықтағы баспананың бағасы жаңа үйлерге қарағанда қымбаттай түскен. Желтоқсандағы қорытынды бойынша, ескі үйлердің бір шаршы метрге шаққандағы құны 516,2 мың теңгеге жетіп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға өсті. Бағасы қымбат жаңа баспаналардың аймақтық көрсеткішіне қарайтын болсақ, мегополистер үздік үштікте. Астанадан жаңа пәтер алу үшін бір шаршы метріне 595 мың теңге төлеуге дайын болуыңыз керек. Алматыда бұл көрсеткіш сәл төмен. Шымкентте 444 мың теңгеден асады. Ал ең арзан тұрғын үйлер Ақтөбе, Орал және Көкшетау қалаларында. Мұндағы баға 280 мен 320 мың теңге шамасында.

Айта кетейін, 2024 жылы Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы 18,6 млн шаршы метрге жетіп, 9,4 пайызға артқан. Бұл – соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш. Ал 2019 жылмен салыстырсақ, өсім 41,7 пайызды көрсетеді. Сондай-ақ ең көп пайдалануға берілген жаңа үйлер бойынша да Астана мен Алматы көш басында. Үздік төрттікте тағы Шымкент пен Түркістан облысы бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 2023 жылы жан басына шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 23,9 шаршы метр болған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 шаршы метрге көп.

«Үйдің бағасының түсуі немесе өсуі бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, құрылыс материалдары шетелден валютамен келеді. Теңге бағамы өзгеріп отырады. Екіншіден, елдегі инфляция. Құрылыс жұмыстарын роборт емес, адам жасайды. Олардың айлығы, тамағы, жарық сияқты шығын бар. Сондай-ақ жастар ауылдан келіп, қаладағы тұрғын үйге сұранысты арттырады, – деді сарапшы Қайрат Қожанов.

Қазіргі таңда баспанаға қол жеткізу үшін түрлі ипотекалық бағдарламалар қарастырылған. Соның бірі «Алматы жастары». Бұл мегаполисте жұмыс істейтін жастарға 5 пайыздық несие беру. Аталған ипотека 2017 жылдан бастап сәтті жүзеге асырылып, бүгінге дейін 6 мыңға жуық жас маманға баспана бақытын сыйлады. Қазіргі таңда бағдарламаны кеңейту мәселесі қарастырылуда. Биыл несие лимитін 20 млн теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар былтырдан бері «жұмыс істейтін жастар» атауымен жаңа санат қосылып, 20-дан аса адам үйлі болған. Биылғы жоспарда тағы мыңнан аса маманға квота бөлінбек.

Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна – 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме – 5 пайыз, несие мерзімі – 19 жылға дейін. Ал максималды несие сомасы әзірге 18 млн теңге. Сонымен қатар Алматыда жарты жыл жұмыс өтілімі болуы міндетті. Сала мамандарының айтуынша, «Алматы жастары» – жастар үшін баспаналы болудың ең тиімді жолдарының бірі. Өйткені нарықтағы стандартты ипотекалық несиелерге қарағанда мұнда пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер де әртүрлі шарттармен ипотекалық несиелер ұсынады. Алайда мұндағы жылдық мөлшерлеме мен пайыздық үстемелер нарыққа байланысты құбылмалы болуы мүмкін. Осылайша бүгінде ең актуалды мәселеге айналып отырған баспана алудың бірнеше тиімді жолы бар. Ең бастысы – өз мүмкіндігіңізді бағалап, қаржылық сауаттылықты ұдайы арттыру маңызды.

Новости партнеров