Қара риэлторлар: зейнеткерді алдап, пәтерін иемденушілердің айласы қандай

Ұйымдасқан қылмыстық топтар қарттарға уақытша бірге тұруға қолайлы жағдай ұсыну арқылы алдайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жалғызбасты, егде жастағы, денсаулығында ақауы бар кісілерді алдап, құрыққа түсіріп, баспаналарын иемденуді кәсіпке айналдырған "қара риелторлар" қаптап кетті. Осылай деп арнамызға шағымын жеткізген зейнеткер алаяқтардың кесірінен пәтерінен айырылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала тұрғыны Любовь Малышева былтыр талай жылдан бері қамқорлығына алып, жәрдемдесіп жүрген зейнеткер Владимир Псарёвтан сыйға алу шарты бойынша пәтер алған. Қарт кісінің өзге туыстары шетелде болғандықтан, ол мүлкін қартайғанда жанынан табылған көмекші әйелге жаздырған көрінеді. Бірнеше айдан кейін Любовь Малышева қатерлі дертке шалдығып, ем алуға кетеді. Келсе зейнеткердің жанында бөтен біреулер жүр, хал-жағдайы да күрт нашарлап кеткенін байқайды. Ол әлдекімдер қарт кісіні жағалап, пәтерді өздері иемденбекші” дегенді алға тартады.

"Мені ұрып-соқты. 102-ге хабарласып, аман қалдым. Олар мен жоқта баратын. Қатты сырқаттанып, бірнеше аптаға емге кетіп, қайта оралсам, атаның жағдайы мүшкіл, әрең сөйлеп отыр. Қазір есін де білмейді. Оны қамап, үйден шығармауға әрекет ететін. Мен 5 жылдан астам уақыт, тіпті жұбайы болғанда да оларға қарап, көмек беретінмін. Сол үшін ол кісі маған пәтерін қалдырды. Бірақ мына бөтен адамдар бұл кісіні құрығына түсіріп, пәтерді иемденіп алмақшы", – деді қала тұрғыны Любовь Малышева

Любовь Малышева пәтерге қайта оралғанда зейнеткердің үйін жағалаған ерлі-зайыптылар оны бас салып, жұдырықтаған көрінеді. Тіпті көлігін сындырып, қарияға жоламауын талап еткен. Қылмыстық іс те қозғалған. Ал куәгерлер бірнеше күн бұрын ақсақалдың аулада қансырап, жерде жатқанын көріп дабыл қаққан. Любовь Малышева «осының бәрі зейнеткердің денсаулығының нашарлауына себеп болды» деп отыр. Мән-жайды біліп, қарт кісімен сөйлесуге келген тілшілерді көре сала, бейтаныс әйел ақсақалды дереу алып кетіп, түсірілім жүргізуге кедергі келтірді.

Түсірілім барысында тілшілерге ерлі-зайыптылардан жапа шектік деген адамдар келіп, өз оқиғасын айтты. Кейін белгілі болғандай, зейнеткерді жағалап жүрген әйел өз анасын да пәтерінен қуып жіберген. Ол бір жыл бұрын бейтаныс ер адаммен қосылып, жұртты алдауға көшкен.

"Екатеринамен қарым-қатынасымыз бұзыла бастады. Ол бейтаныс кісіні ертіп келіп жүрді. Кейіннен мені, туған анасын қуып жіберді. Үйімді алып алды. Мен баспанамды басында екі балама теңдей беремін деп отырдым. Алғашында қызымды қосқан едім, кейіннен ұлымды қоспақ болғанда ол кедергі болды. Әне-міне деп жүріп, далада қалдық", – деді қала тұрғыны Галина Соловей.

Заңгерлерге хабарласып, қандай шаралар қолдануға болатынын анықтап көрдік. Көбіне ұйымдасқан қылмыстық топтар қарттарға қаржылай жәрдемдесу сылтауымен немесе уақытша бірге тұруға қолайлы жағдай ұсыну арқылы алдайды. Елдегі тұрғын үй мен мұрагерлік құқықтарға қатысты заңды зейнеткерлер көбіне түсінбей жатады. Оның шарттарын айналып өтудің түрлі тәсілдерін меңгерген «қара риелторлар» көп қарияны құрыққа түсіріп те жүр. Сол сияқты пәтерді сыйлау шартымен алған Любовь Малышева да осы айлалардың бірінен зардап шектім деп отыр. Бұл іске қатысты Алмалы аудандық соты шешім шығарған.

Алмалы аудандық сотының шешімі:

"Сыйға тарту шарттарын жарамсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талап қанағаттандырылсын. Пәтерді сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылды. Тараптар бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым немесе прокурордың өтініш-хаты бойынша арыз түсіре алад".

Мамандардың айтуынша, қара риелторлар пәтерді иемдену үшін ең алдымен қарттардың атына сенімхат немесе сатып алу келісімшартын рәсімдейді.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтбасов

Оқи отырыңыз: Тараз қаласына шығыс бөліктен кіретін жалғыз көпір апатты жағдайда

Новости партнеров