10 соттық жердің иесі осыдан 2 апта бұрын учаскесінен айырылып қалғанын элоктронды порталдан білген
«Бір-ақ күнде жерімнен айырылып, құжаттарым түкке жарамсыз болып қалды». Алматыда ойда жоқта жылжымайтын мүлкінен айырылып, алаяқтардың құрбаны болған зейнеткер редакциямызға хабарласып, араша сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 соттық жердің иесі осыдан 2 апта бұрын учаскесінен айырылып қалғанын элоктронды порталдан білген. 2008 жылы сатып алынған мүлік аяқ астынан бейтаныс тұлғаға өтіп, одан кейін тағы екі адамның атына аударылған. Бұл жағдайдың бәрінен бейхабар жердің бастапқы иесі бұл ұйымдасқан қылмыстық топтың, яғни «қара риелторлардың» ісі ме деп күдіктеніп отыр.
Лариса Исаева 17 жылдан бері жер теліміне иелік етіп, салық төлеп отырған жерінен ойда-жоқта сатылып жатқанын білген. Алаяқтар оның атынан шетелде жасалған жалған сенімхат дайындап, жерін өзге адамдарға сатып жіберген. Әлгі жер телімі небәрі бірнеше күн ішінде қолдан-қолға өтіп, таяуда ғана сатылымда болған. Сорақысы сол, қаскүнемдер егде жастағы кісіні аңдып, жерді қараусыз қалды деп, барлық құжатты нотариустар арқылы заңсыз рәсімдеп алған көрінеді.
«Электронды құжаттарды ашып қарасам, кеше ғана өз атымда тұрған жер бүгін жоқ. Өйткені оны жалған құжаттар арқылы сатып жіберген. Кейіннен «Крыша» сайтынан әлдекімдер жердің 2015 жылғы актісімен сатуға қойғанын көрдім. Олардың да қолында қандай да бір құжаттар бар сияқты. Бірақ маған ешқандай хабарлама келген жоқ, сонда жерімді осылай ойда жоқта иемдене сала ма? Мен салықты уақытылы төлеп келдім. Енді мүлде түсінбейтінім, ұсталған адамдарды неге қайтадан босатып жіберген?» – деді қала тұрғыны Лариса Исаева
Зейнеткер бұл сұмдықты білген бойда дереу Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жазған. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, алаяқтықпен айналысқан күдіктілер ұсталған. Бірақ көп ұзамай оларды бостандыққа шығарыпты.
«Аталмыш дерек бойынша арыз 19 наурызда келіп түсті. Сот алды біріңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша іс қозғалып, жалған құжат арқылы жер телімін сату дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Қазіргі таңда осы іске қатысушы тұлғалар анықталып, сұрақ-жауап алу процедурасына қатысуда», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек
Заңгерлер соңғы уақытта мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін айтады. «Қара риелторлар» жалған құжат жасап, жерлерді сатып, кейін оны қайтару үшін жәбірленушілерді жылдар бойы сотта сабылтады. Олар көп жағдайда нотариустармен байланыста болады. Егер жер телімін қайтара алмайтын жағдай болса, заң бойынша жәбірленуші материалдық, моральдық өтемақы алуы тиіс.
«Сол жасалған сенімхат одан пайда болған шартқа қол қойған адамның шартын заңсыз деп тануға сотқа шағым, арыз беруді айтады. Одан кейін осы сенімхатта қол қойған болса, оған сараптама тағайындалу керек. Нотариустың куәландырған сенімхаты. Ол қаншалықты заңды, әрине ол адам оны тиісті мәмілеге қол қоймаған болатын болса, нотариустың әрекеті заңсыз болып табылады, біріншіден. Екіншіден, қызметтік бабын асыра пайдалануына байланысты қылмыстық іс қозғалады», – деді заңгер Олжас Әлімов
Лариса Исаева тергеу әрекеттерінің әділ өтуін күтіп, жерін қайтару үшін прокуратураға да шағымданбақ. Ал мамандар жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды жиі тексеріп тұруды, меншік құқығына байланысты өзгерістерді қадағалауға кеңес беріп отыр.
Әйкерім Рахымжанқызы, Ернат Болатбек