Қарағанды облысында диабет дерті 19 пайыз көбейді

10.02.2025 15:40

Қарағанды облысында диабет дерті дендеді. Өңірде кейінгі екі жылда кесел жабысқандар 19 пайыз көбейді. Тіпті екі айлық нәресте де осы ауруға шалдыққаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еренғалы Амановтың қант диабетіне шалдыққанына жиырма жылдың жүзі болған. Жанына шырылдап шипа іздеген оның бармаған жері мен ішпеген –дәрі дәрмегі жоқ. Алайда дәрігердің кеңесіне дер уақытында құлақ аспағаннан қауіпті кеселден денсаулығы зардап шеккен.  

"Бұл – өте қиын ауру. Көп адам көңіл бөле бермейді. Дәрігердің айтқанын істеп, өте сақ болып, диета ұстау қажет. Мен дәрігерлердің айтқандарын істемегендіктен бірнеше бақайымнан айырылдым. Хирургияда болдым, енді келіп ем алып жатырмын", – деді қала тұрғыны Еренғалы Аманов.

Қарағанды облысында 40 мың тұрғын қант диабетіне шалдыққан. Олардың жеті жарым мыңы инсулинге тәуелді. Былтыр дерті әбден меңдеген 100 науқасқа операция жасалып,саусағы мен аяғы кесілген көрінеді. Кейінгі кездері тіпті балалар мен шыр етіп дүниеге есігін ашқан нәрестелердің арасында да індеттің ілмегіне ілінгендер жиілеген.

"Балалар, жасөспірімдер арасында 450-480 адам 1-типпен ауырады. Бұл аурумен Қарағанды облысында 2 айлық, 2-4 күндік бала да бар. Біздің бөлімшеде әр жылы 1500 ,1800 адам ем алып кетеді.  Қантпен ауырған  адамдарға  “қант ауруының мектебі” деп аталады. Сол мектепте біз емделушілерге қалай дұрыс , қандай тамақтарды жеу қажет екенін, жаттығуларды көрсетіп , үйретеміз", – деді облыстық Клиникалық ауруханасы Эндокринология бөлімінің меңгерушісі Зарема Тұтқышбаева.

Қант диабеті адам өмірі үшін қауіпті аурулардың қатарында. Оның жас талғамайтыны тағы бар.  Ал кеселдің асқынған сатысы науқастарды мүгедектікке әкеп соқтырады. Дәрігер бұл тұста дерттің ең негізгі үш мәселесі бар дейді. Олар: генетика, психосоматика және салауатты өмір салтын ұстанбаудың салдары.

Ал халықаралық федерациясының дерегіне сәйкес, жер бетінде шамамен 537 млн адам қант диабетімен ауырады. Бұл статистика  2045 жылға қарай, 783 миллионға дейін артады деген болжам бар.

Жанбота Бейсембайұлы,  Айнұр Бексұлтанқызы

Оқи отырыңыз: Түркістандық шаруалар картоптың жаңа сортын егіп жатыр