Қауіпті жол: Атырау облысындағы жол жөндеу жұмысы неге тоқтап тұр

Биыл кірме жолды жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 315 млн теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Талдыкөл ауылының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Қазір кірме жолдың тас-талқаны шығып, опырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талдыкөлдіктер қайғылы жағдай жиі болатын бұл аумақты «қауіпті жол» деп атап кеткен. Расында 7 шақырымның тас-талқаны шыққан. Жолдың жартысы опырылып, қабат-қабат төселген асфальт бордай үгітіліп жатыр. Жыл сайын жалған есеп беріп, жиын өткізетін шенеуніктердің құрғақ уәдесінен жұрт жалыққан.

"Жолымыз өте қауіпті, жасап беруін талап етеміз. Астынан аққан су жолды жеп тастаған, бетінде тек асфальт тұр, басса ойылып кетеді. Жақында бір отбасы түгелдей қырылып қала жаздады. Көліктері жолдың шетіндегі ойыққа түсіп кетті", – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Ақкенже Саташева.

"Жаңбыр жауса көрмейтін азабымыз жоқ. Ауыратын адамдар бар. Қатынас жоқ. Әкімдер келеді де уәде беріп кетеді. Он жыл болды, ешкім қарап жатқан жоқ", – деді Талдыкөл ауылының тұрғыны Жанболат Искаков.

Жол бойына жиналған халықтың талабын тыңдауға атқамінерлер келді. Олардың айтуынша, жолды жөндеу көктемде басталған. Алайда ұлттық сапа орталығының мамандары тексеру кезінде бірнеше ақау тапқан. Қазір жұмыс тоқтап тұр.  

"Ұлттық сапа зертханасында тексеру нәтижесінде жолдың асты құрылыстық нормаға сай келмейтіні анықтады. Бұрынғы жобамен жасасақ, беті алынып, асфальт қана төселеді. Көп уақыт өтпей, қайта бұзуға тура келді. Сондықтан жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Жолдың бәрі қырылып, қайта жасалады. Жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталды", – деді Махамбет аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Шакимов.

Биыл кірме жолды жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 315 млн теңге бөлінген. Жобаға қайта түзету енгізілмек. Оның өзінде, бәрі жоспардағыдай болса, құрылыс жұмыстары желтоқсанда басталады.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау

Оқи отырыңыз: Алматыда қараусыз қалған бос жер заманауи жаяу жүргіншілер аймағына айналды

Новости партнеров