Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмек

Аталған іс-шара 22 наурыз күні сағат 9:00-10:30 арасында өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың ұлттық киімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілмек. Теңіз жағалауында ұйымдастырылатын әлемдік жиынға ұлттық киім киген 5 мың адам келмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Идея авторы – Әсемгүл Адамбай. Ұйымдастырушы бұл іс-шара арқылы көпті ұлттық бағытқа ұйыстыруды көздейді. Басты мақсат – қазақтың киімін, оның бай мәдениетін насихаттау. Тарихи күнде ғасырлар бойы өңі мен сәнін жоймаған қазақ киімі осылайша, жаңашылдықпен үйлесім таппақ.

«Қазақтың ұлттық киімі әлемге танылуға лайық деген оймен Маңғыстау халқының атынан қаңтарда бірінші рет Гиннес рекорды штаб квартирасына өтінім берілді. Одан кейін келіссөздерде көп талаптар қойылды. Ең бірінші – қауіпсіздік. Арнайы орын болады. Ол жер қоршауға алынады, – деді идея авторы Әсемгүл Адамбай.

Аталған жиынға 16 жастан асқан кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ол үшін тек арнайы ашылған сайтқа тіркелу керек. Сайтта киімдердің арнайы каталогі жасақталған. Сол тізімге сай, әр қатысушы ұлттық киімді киіп келуі қажет.

«Ертерек келіп, өзіне арналған номерді алып, орынына тұруы керек. Лондоннан келетін Гиннес рекордтар ұжымы ережелерді түсіндіреді. Санақ жүргізілген кезде адамдар орнынан қозғалмай талапты орындаса, Гиннес рекордтар кітабына қазақ ұлттық киімімен енеміз деген ойдамыз, – деді идея авторы Әсемгүл Адамбай.

Айта кетейік, іс-шарада әлемге ұлттық киімнен бөлек, қолөнер туындылары да таныстырылмақ. Ал ұйымдастырушылар бай тарихымыз арқылы әлем назарын аударып, Қазақстанға келетін турист санын арттыруды көздепті.

 «Әсемгүл хабарласып «ұлттық киімдер туралы не білесіз? Беріңізші» деді. Мен қолымда бар материалмен көмектесіп, 10-15 ұлттық киімді суретімен аннотациясын жібердім. Гиннестің рекордтар кітабына ену деген ол бір адам қолы жетпейтін үлкен нәрсе емес, бірақ халық қолдаса, жұмылса іске аспайтын нәрсе жоқ, – деді ҚР мәдениет саласының үздігі Тамара Жұмалиева.

Аталған іс-шара 22 наурыз күні сағат 9:00-10:30 арасында өтеді. Ал қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау мақсатында 2 күн бұрын дайындық басталмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Түркістандықтар 2,5 тонна наурыз көже пісіріп, рекорд жаңартпақ

Новости партнеров