Кеніште бірнеше рет өрт болған
Костенко шахтасындағы апатқа дейін де кеніште бірнеше рет өрт болған. Бұған көз жұма қараған шахта жетекшісі барлығынан хабардар бола тұра, жер астын көмір шаңы мен метаннан тазартуға құлық танытпаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қарағандыда 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылысқа қатысты басты сот процесінде тың ақпарат жарияланды. Ал тергеу мәліметінше, Костенко шахтасының басшысы қауіпсіздік ережелерін ескермеген.
«Кеншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп әкелетінін білсе де, жоспарды орындау үшін олар №48 лавадағы жұмысты бір сәтке де тоқтатпапты. Кеніште өрттің бірнеше рет болғаны жасырын емес. Шахта директоры мен қарамағындағы жауапты мамандар қауіпсіздік шараларын сақтауға құлықсыздық танытқан. Лауазымдық нұсқаулықтар мен ережелерді елемей, нормативтік актілердің талаптарын бұзғаны белгілі болды», – деді мемлекеттік айыптаушы Әділ Садықов.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28-інші қазанында Костенко атындағы шахтада апат болып, 252 кеншінің 46-сы қаза тапқан еді. Жарылыс күші алты шықырымға жайылған.
Оқи отырыңыз: Алматыда және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады