Құс шаруашылығы: Әлихан Смайыловтың сөзімен бірнеше депутат неге келіспеді

Almaty.tv
Almaty.tv

Депутат Серік Егізбаев Жоғары аудиторлық палата төрағасына тексерістерге мол тәжірибесі бар сарапшыларды тартуды ұсынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға бөлінген қаражат тиімсіз жұмсалған. Мәжілісте осылай деген Жоғары аудиторлық палата төрағасы мемлекеттен берілетін көмекке қатысты жалған ақпарат ұсынғандардың анықталғанын айтып, 4 материалдың құқық қорғау органдарына жіберілгенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Мәжілістің тапсырмасына сәйкес Жоғары аудиторлық палата тиісті аудит жүргізді деген Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығын субсидиялаудағы кемшіліктерді жіпке тізіп берді. Мәселен, бюджеттен салаға бөлінген 142 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Салдарынан 2 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталып, экономикалық шығындар 5 миллиардқа жуықтаған. Субсидия алу үшін жалған ақпарат ұсынған пысықайларға қатысты 4 іс құқық қорғау органдарына жолданса, 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберіліпті.   

"Өкінішке орай, субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер бар. Субсидиялардың түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырды. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру кезінде өзгертіліп отырды. 5 жылдың ішінде ғана 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданды. 5 жылдан астам уақыт өтті, ал отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін ұлғайтуд, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ", – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мемлекеттен көмекті алып, қызметін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам шаруаға 5 миллиард теңге жұмсалған. Ал субсидия алғандардың 3 мыңға жуығының агроөнеркәсіп кешеніне мүлдем қатысы жоқ болып шыққан. Одан бөлек, мемлекеттен құс етіне бөлінетін қаражат та тиімсіз игеріліп жатыр деген Әлихан Смайыловтың сөзімен бірнеше депутат келіспеді.

"Біз ішкі нарықтағы өндірістің 50 пайызын алатын осы саладағы шаруаның қызметін талдадық. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл науқан соңғы бес жылда құс етін өндіру көлемін 29 мың тоннадан 160 мың тоннаға дейін ұлғайтқан. Бұл ретте бюджетке салынатын салықтар мен өндіріске құйылған инвестициялардың жалпы сомасы алынған субсидиялардан 4 есеге жуық асып түсті. Бұл тиімсіз бе? "– деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.

Депутат Серік Егізбаев Жоғары аудиторлық палата төрағасына тексерістерге мол тәжірибесі бар сарапшыларды тартуды ұсынды. Әріптесінің сөзін қолдаған Ерлан Сайыров та құс етін өндіру үшін мемлекеттен субсидия алып отырған кәсіпорындардың мүддесін қорғай түсті.

"Әлихан Асқанұлы, шынын айту керек Сіздің Қазақстанның құс шаруашылығына шүйліккеніңіз барлығымызды алаңдатып отыр. Бұл жұмыстың нәтижесі – цифр емес, магазиндегі сөре. Бүгін сол сөреде Қазақстанның құс өнімі пайда болды. Соны барлығымыз аузымызды толтырып айтып жүрміз. Сіздің сөзіңізден кейін "ертең Қазақстанда құс шаруашылығын тағы жоғалтып алмаймыз ба?" деген сұрақ туады", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ішкі нарықты отандық құс етімен қамтамасыз ету үшін жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Былтырдың өзінде осы шаруамен айналысатын 32 кәсіпорын 22 миллиард теңге субсидия алыпты. Ал ресми мәлімет бойынша өткен жылы импортталған құс етінің үлесі 34 пайыз. Палата төрағасы «ішкі нарықты әлі де отандық құс етімен қамтамасыз ете алмай отырмыз деген сөз» деп сөзін түйді.

Жоғары аудиторлық палата төрағасының тап-тұйнақтай етіп жазылған баяндамасы Мәжілісте қызу талқыға түсті. Халық қалаулыларының сауалдарына сандармен жауап берген Әлихан Смайылов субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет екенін айтып, бюджет қаражатын пайдалануда кемшіліктердің барын айтты. Тіпті субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет деп түйді.

Аршат Әділжанқызы, Нұран Өтеген, Дастан Темірбекұлы

Оқи отырыңыз: Жоғары аудиторлық палата келер жылы қандай мекемелерге тексеріс жүргізеді

Новости партнеров