Суық хабарды естіген марқұм Ажардың туыстары оқиға орнына келіп, ішімдік қалдықтарын, қан мен тістерді көрген
«Өз-өзіне қол салуы мүмкін емес». Алматы облысында 20 жастағы келіншектің өліміне қатысты марқұмның жақындары осылай дейді. Олар тергеумен келіспей, іс бұрмаланып жатыр деп күдіктеніп отыр. туымтардың айтуынша, 6-қабаттан құлап, ажал құшқан әйелдің денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
9 наурызда Алматы облысындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің ауласынан 20 жастағы қыздың денесі табылды. Полицияның мәліметінше, келіншек 6-қабаттан секіріп, өмірімен қош айтыспақ болған. Бірақ Ажар Тәуекелқызының жақындары қайғылы жағдай болған күні марқұмның пәтерде жалғыз болмағанын жеткізді. Үйінде күйеуі, енесі, ұлы және тағы 2 адам болған көрінеді. Суық хабарды естіп, оқиға орнына келген қыздың туыстары ішімдікке сылқия тойып алған күйеу баласы мен оның анасын байқаған. Ал бөлмелерде қан іздері болған.
«Балконның астында күйеу баламыз отыр. Бет-аузы қан-қан. Тура балконның астына түскен. Ашып, көрсетпей қойды. Күйеу бала мас отыр. Енесін сқрап ем, осында жүр деді. Ол қашып кетті. «Күйеу баланы қамаңдар» дедім. Полиция бірін-бірі таниды», – деді марқұмның ағасы Ашкабек Жекебай.
Суық хабарды естіген марқұм Ажардың туыстары оқиға орнына келіп, ішімдік қалдықтарын, қан мен тістерді көрген. Олар «суицидке итермелеу емес, қасақана адамды итеріп, өлтіру» деп отыр. Ал көршілер бір күн пәтерден айқай-шу естіген.
Жалғыз қызынан айырылып, өзегін өксік өртеген әке бұл жағдайға әлі де сенер емес. Оның айтуынша, марқұм шаңырақ көтергелі соққының астында қалып, көп қиындық көрген. Енді отбасы істің басқа бап бойынша қаралуын талап етіп, прокуратураға хат жолдамақшы.
«Бұл қылмыстық іс болып тұр ғой. Бір емес бірнеше адамның қатысы бар деп ойлаймын. Өзі жалғыз отырып, сондай әрекетке баратын болса, суицид деп есептеуге болатын шығар. Ал пәтерде екінші адам бөлмеде болған, мүмкін үшінші адам бар шығар. Араларында кикілжің болса, жерде қанның ізі бар, тіс бар. Төбелес болған», – деді марқұмның әкесі Тәуекел Жекебай.
Марқұмның анасы қызының өте еңбекқор екенін, алға қойған арман-мақсаты көп болғанын айтты. Қайғылы оқиға болмай тұрып, шешесімен кездесіп, ертесі келетінін айтып, қоштасқан. Қайғыдан қан жұтқан отбасы істің дұрыс жүрмей жатқанын алға тартады. Сол күні үйде болған күдіктінің анасы да әлі сұрауға алынбаған.
«Қолы көгерген, дәлел ретінде көрсете аламыз. Суицид дегенге сенбейміз. Қызымның өліміне кінәлі адамдар жазасын алсын, 25 жылға дейін соттасын. Қызымды қорлап өлтіріп отыр. Тергеу әділ жүріп жатқан жоқ, – деді марқұмның анасы Гүлжан Жақып.
Полиция қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеудің Қарасай ауданында жүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда марқұмның жақындары істі облыстық Полиция департаментінің қарауына өткізуді талап етіп отыр. Ажар Тәуекелқызының артынан бір жасар сәбиі қалды. Келіншек мұғалім болуды армандап, оқуға да түскен. Оған қоса, бет әрлеуші болып, нәпақасын тапқан. Ата-анасы жалғыз қыздарының жауыздың қолына түсіп, мерт болғанына қынжылып, істің егжей-тегжейлі тексерілуін сұрап отыр.
Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында 15 жастағы қызын күштеп күйеуге берген ер азаматқа айып тағылды