Сондай-ақ бетке арналған жақпамай мен түрлі шай қоспасын әзірлеп жатыр
Қызылордалық оқушылар күріш ұнынан кондитерлік өнімдер мен эко-ыдыстар жасап жатыр. Олар сонымен бірге, қияр сығындысынан бет күтіміне арналған жақпамайлар әзірлеп, дәрумендерден түрлі шай қоспасын шығарған. Әрине, бұл жобалардың барлығы ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегінің нәтижесі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жібек Байжанова уақытының басым бөлігін шәкірттерімен бірге зертханада өткізеді. Білім саласында отыз жылға жуық еңбек еткен ұстаз әр оқушының ойымен санасып, зерттеу тақырыбын терең талдауға тырысады. Білікті педагог биылдың өзінде бірнеше жобаны жүзеге асырған. Солардың бірі - қияр сығындысынан лосьон дайындау. Оған қажетті өнімді де мектеп жылыжайында өздері баптайтын көрінеді. Қиярдың құрамында пайдалы дәрумендердің көп екенін ескерген олар ендігі көкөністі тағам ретінде ғана емес, бет күтіміне арналған сусабын шығару үшін қолдануда.
«Қиярдың құрамында А және В дәрумендерінің көптігіне байланысты бетті нәрлендіріп тұратынын бәрі біледі. Сондай-ақ дақтарды кетіру үшін лосьондар жинағы шығарылады. Яғни, құрғақ беттерді ылғалдандырып, майландыру үшін арнайы сусабындар жасалды», - деді мұғалім Жібек Байжанова.
Оқушылар ғылыми жоба ретінде дәрумендерге бай шай қоспаларын, кептірілген жемістерден пастилла дайындау ісін де қолға алған. Тағы бір жаңалық, Ғайни Ғалымжанқызы ұстазымен бірге өңірдің басты дақылы күріштен эко-ыдыстар жасауда. Ол алдымен күрішті ұнтақтап, ұн дайындайды. Одан соң қоспаға крахмал қосып, арнайы пеште түрлі қалыптарға құяды.
«Күріш арқылы біз осындай эко-ыдыстар жасадық. Жеуге жарамды. Пластикалық ыдыстардан айырмашылығы көп. Пластикалық ыдыста қалдықтар қалып қояды. Оның адам өміріне, қоршаған ортаға деген зияны көп. Бұл негізі, шетелде Америкада жақсы дамыған. Кофенің ыдысы күріш крахмалының ұнынан жасалады. Біздің ыдыста ондай тәттілер жоқ. Яғни, адам ағзасына пайдалы», - дейді оқушы Ғайни Ғалымжанқызы.
Күріш ұнын тағам ретінде ғана емес, косметология саласында да қолдануға болады екен. Мектеп оқушылары бұл жұмыстарды келешекте терең зерттеуді жоспарға алған. Сондай-ақ мектеп жылыжайында өскен көкөністердің құрамындағы нитрат мөлшерін зертханада өздері анықтайды. Осы арқылы бір-бірімен тәжірибе алмасып, табиғи таза өнімді тұтынуға себепші болып отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Аlmaty TV арнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді