Жасөспірімнің анасы жауапқа тартылды
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада лифтте балаларға шабуыл жасаған психикалық ауытқуы бар жасөспірім туралы тың деректер жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Динара Закиева балаларға шабуыл жасаған жасөспірімнің қазір қайда екенін айтты. Ол аудан әкімімен бірге ауруханада жатқан баланың әкесімен кездесіп, сөйлескен.
“Баланың жағдайы тұрақты, барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ Астана қаласы бойынша аймақтық комиссар Бимендина А.Т. қыздың анасымен үнемі байланыста. Шабуыл жасаған бала жағдайына байланысты тергеу біткенше денсаулық сақтау мекемесінде болады”, – деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.
Жасөспірімнің анасы жауапқа тартылды. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Динара Закиеваның айтуынша, жасөспірім арнайы бөлімнің бақылауында.
“Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына сәйкес 2010 жылғы 7 тамызда туған кәмелетке толмаған жасөспірім 1 ай мерзімге психиатриялық стационарға жатқызылды. Науқас үшін күшейтілген бақылау режимі белгіленді", – деп мәлімдеді Астана қалсы денсаулық сақтау басқармасы.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, сот шешіміне сәйкес қылмыс жасаған психикалық ауытқуы бар адамдар мәжбүрлі түрде емделетін мекемеде қазір 745 адам жатыр. Оның біреуі 2025 жылы келіп түскен кәмелетке толмаған қыз бала екенін атап өтті. Ал былтыр ешқандай науқас келіп түспеген.
Оқи отырыңыз: Қансыраған қалпы үйге өзі жеткен - лифтіде пышақталған баланың анасы не дейді