Баланың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, онымен психолог жұмыс істеуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елордалық №2 көпсалалы балалар ауруханасы директорының орынбасары Медет Нұғмановтың айтуынша, кеше түстен кейін аурухананың жарақат пунктіне 5 жасар бала жедел жәрдем бригадасымен жеткізілген. Оны кезекші травматолог пен жақ-бет хирургі қараған.
"Баланың бетінде, құлақ маңы мен самайында 4 жарақат болды, суық қару мойынына жетпеген. Оқиға орнында алғашқы көмек өте сапалы жүргізілген, әйтпесе бала көп қан жоғалтып, асқынулар болуы мүмкін еді. Біздің дәрігерлер жарақаттардан аққан қанды тоқтатты, тамырларды тікті, жалпы операция 1 сағатқа созылды. Бала наркозбен ұйықтады, бір сағаттай жансақтау бөлімінде жатты, оянған соң бөлімшеге ауыстырылды. Қазір де пациент толыққанды ем алып жатыр, жарақат 5-10 күнде жазылады, бәрі баланың ағзасына байланысты", — деді М. Нұғманов тілшілерге берген сұхбатында.
Сондай-ақ, аурухана психологтары зардап шеккен баламен жұмыс істеуді бастады.
"Әрине, жарақаттан кейін тыртық қалады, оны уақыт көрсетеді, өсе келе тыртық байқалмауы да мүмкін. Қазір баланың жағдайы тұрақты, еш асқыну жоқ, өміріне еш қауіп тұрған жоқ"— деп түйіндеді дәрігер.
Айта кетейік, кеше елордадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтінде белгісіз жасөспірімнің кішкентай балаға пышақпен шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады.
Дереккөз:
Оқи отырыңыз: Жеделсатыда 14 жастағы жасөспірім 5 жастағы баланың бетін пышақпен тіліп тастады