"Майқайыңалтын" кенішінде жұмыскерді техника жаншып өлтірді

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Қайғылы оқиға 14 желтоқсанда болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Майқайыңалтын» кәсіпорнында мотор жөндеуші болып еңбек еткен 1992 жылғы ер азамат абайсызда қаза тапты. Ол техниканы жөндеу кезінде кен тиегіш машина жаншып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 14 желтоқсанда болған.

— Алтын шахтасында көп жылдардан бері мотор жөндеуші болып еңбек еткен ер азамат көлік құралын жөндеу кезінде көз жұмды. Куәгерлердің сөзінше, ол кенішке түсіп, істен шығып тұрған техниканы қарап жатқанда екінші кен тиегіш көлік абайсызда жаншып кеткен. Салдарынан 1992 жылғы ер азамат жаншылып қалған. Марқұмның отбасы бар, соңында әйелі мен 2018 жылғы туған баласы қалды, - деп хабарлады Баянауыл ауданы Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

— Техниканың жүргізушісі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», - деп мәлімдеді полициядан.

Ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Абылай Сабыров жазатайым оқиғаға қатысты тергеу-тексеру шаралары ұйымдастырылатынын хабарлады.

— Қазір оқиғаны тергеу комиссиясы құрылып жатыр. Біздің басқарманың өкілдері оған жетекшілік етеді немесе комиссия құрамына енеді. Әзірше оқиғаның мән-жайы туралы айта алмаймыз, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Оқи отырыңыз: Жетісу облысында қар құрсауында қалған 6 адам құтқарылды

Новости партнеров