Наурызнама: бүгін – Шаңырақ күні

freepik.com
freepik.com

Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзінің символдық мәні бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сай атаулы әр күн ұлттық болмысты дәріптеуге, бүгінгі құндылықтарды қалыптастыруға септесіп келеді. Әсіресе, «Шаңырақ күні» аясында насихатталатын көзқарас халықтың келешек ұстанымын жаңа бағытқа бұрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Мән мен маңыз

Қазақ ұғымында «шаңырақ» сөзінің символдық мәні бар. Ата-бабалар айналадағы әр заттан пәлсапалық ой іздеп, өмір салтымен байланыстыруға күш салды. Шаңырақты да киелі деңгейге көтеруі тегін емес. Себебі қасиетті сөз көшпенділердің тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігінен туған: киіз үйдің шаңырағы іргені нығайтып, үй ішіне сәуле түсіреді. Оған қоса тәуелсіз әрі дербестіктің үлгісі ретінде қабылданып, жеке шыққан некелі жастарды «шаңырақ көтерді» деп дәріптеді. Бұл есеппен алсақ, шаңырақ көк аспан күмбезі, меншік белгісі, қауіпсіздік кепілі әрі ұрпақтар сабақтастығы ретінде қабылданғанын көреміз. Демек, «Шаңырақ күні» – жекелеген отбасының ғана емес, тұтас ұлтты біріктіру белгісі.

Қазір де мағына аласарған жоқ. Қоғам жанұя болмысы мен егемендікті шаңырақтан іздейді. Мемлекет сапалы ұлт қалыптастыру жолында татулық, тілеулестік секілді қасиеттерді отбасы институты арқылы сіңіруге тырысып жатыр. Наурызнама онкүндігінде осы көзқарас қалыс емес. «Шаңырақ күнінде» туыстық қатынасты нығайтуға арналған шаралар ұйымтастырылып, отбасы құндылығы баса айтылуда.

Уыз тәрбие тармағы

2021 жылғы Ұлттық халық санағындағы дерекке сенсек, елдегі отбасы саны 5,5 миллионға жетті. Кейінгі 10 жылдағы өсім 1,1 миллионды құраған. Ажырасу деңгейі 5 жылда 48,6% азайды. Ақпар жастар арасында отбасылық қарым-қатынастың маңызы едәуір артқанын көрсетсе керек.

Ендігі мәселе «үй ішіндегі тұрақтылықты қалай сақтаймыз?», «ұлттық тәрбиені ілгерілетудің жолы қайсы?» деген сауалдардан туындамақ. Бұл орайда әлеуметтанушылар алдымен ер мен әйелдің рөлі мен тәрбие құралына баса назар аударуды ұсынады. Себебі отбасы институтының тірегі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынастағы көзқарасынан, олардың балаларға берген тәрбиесінен туындайды деп отыр.

Әлеуметтанушы Алтыншаш Матаеваның айтуынша, отбасы институты ашықтық принципін алға ұстаған жөн. Ата-ана дәстүр мен заманауи отбасы құндылығын бала бойына сіңіруі керек. Жас ұрпақтың не қалайтынын білумен шектелмей, алдағы өмір сынағына дайындау өзекті. Тіпті жасөспірімге шаңырақ көтерудің жауапкершілігін ерте үйрету де маңызды.

– Қоғамда үйленуге үйретпейді. Жалпы, жар таңдау мәселесіне немқұрайлы қарайды. Кейбір ер азаматарымыз қызбен танысқанда оның жылтыр бейнесі мен дүниесіне қарап үйленуге бекінеді. Сондықтан жасөспірім шақта үйленуге қатысты сұрақтар қойып, ата-анамен ашық әңгіме болуы шарт. Бұған білім беру ұйымдары қолдау білдірсе, артық емес. Тақырыпқа қатысты жүйелі білім қалыптастыруға болады деп санаймын. Ер бала қандай болуы қажет, қыз бала қандай болуға тиіс екенін үйрету орынды, – деді ол.

Сарапшының сөзінше, отбасы институтын біржақты басымдықпен дамыту нәтиже бермейді. Бастысы, дәстүрлі тәрбиені негізге алып, ғаламдық тәрбие үрдісін қалыс қалдырмауды ұсынып отыр. Соның ішінде ұлттық салт-дәстүрге жақындау, гендерлік саясатты тең ұстау, отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Сонда ғана ортақ тәрбие үлгісі қалыптаспақ.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020-2024 жылдар аралығында 500 мыңнан астам адам некеге тұрған. Ең үлкен өсім 2021 жылы байқалыпты – 140 мың жұп қосылған. Өткен жылы саладағы көрсеткіш 123,6 мыңға жетті.

Әке рөлін қалай көтереміз?

Кейінгі уақыттағы әлеуметтік бастамаларда дәстүрлі танымға басымдық берілгенін байқауға болады. Мемлекеттік, ҮЕҰ-да ұлттық тәрбиеге арналған жобалардың қатары артып келеді. Журналист әрі «Ұжан» жобасының жетекшісі Назерке Шакербаеваның пікірінше, мұндай үрдіс қоғамдағы отбасы рөлін насихаттауға септеседі.

– Отбасы институтын сақтаудың бірнеше тетігі бар. Бірінші, отбасы мүшелерінің өзара сүйіспеншілігін, махаббатын сақтау қажет. Ол үшін жұбайлардың бір-біріне көңіл бөлуі, әке мен ана орнының нығаюы маңызды екені сөзсіз. Бұл эмоционалды байланысты нығайтып, келешекте мызғымас отбасылық құндылықтың орнығуына ықпал етеді.

Отбасы құндылығын жандандырудың келесі қадамы – құрмет. Отбасындағы әрбір адамның жеке тұлға екенін, ұстаным мен көзқарасы барын, қабылдаған шешіммен келісу керегін түсіну қажет. Мұндай қатынас ашық диалог әкеледі. Осы қос қағиданы алыстан іздемей, ұлттық болмыс арқылы бойға жисақ, отбасы да, ұлт та бірегейлігін жоғалтпас еді, – деді ол.

Назерке Шакербаева отбасындағы әкенің рөлін дамытуды басты міндет санайды. Себебі ана үйдегі тәрбие бастауы ретінде қабылданса, әке отбасының болашақ бағдарын айқындаушы ретінде құнды. Кейінгі уақытта үдей түскен әкелер форумы, аналар кеңесі секілді жиынның кең тарауына да осы негіз болуда.

– Әке мен ананың отбасындағы маңызын дәріптеуді тек науқандық шарамен шектеуге болмайды. Әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамайтын әрбір белсенді азамат атсалысуы кемдік етпейді. Мысалы, жақында отбасы құндылығын арттыруға бағытталған «Ұждан» жобасын қолға алдық. Түрлі саладағы сұхбаттасу барысында заманауи отбасы қандай болуы қажеті, ұлттық дәстүрдің маңызы, ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен ана тағылымы секілді тақырыптарда тың ойлар айтылды. Байқағанымыз, қазақы отбасының жаңа моделі қалыптасып келеді. Қуанарлығы, мұнда ұлттық құндылық басым, жастардың салт-санаға қызығушылығы жоғары, – дейді Назерке Шакербаева.

Ана капиталы керек

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова отбасы құндылығының экономикалық аспектісін елемеуге қарсы. Себебі отбасы институтын жетілдіруге отбасындағы тұрмыстық ахуал тікелей әсер етпек. Сондай-ақ қоғам әке рөлінен бөлек, ананың маңызын әрі оның әлеуметтік жағдайын назарға алуы керек деген тұжырымда.

– Менің ойымша, дәл Қазақстан жағдайында ана капиталы, мемлекеттік көмекті жүйелеу қажет. Себебі отбасылардың, әсіресе жас отбасылардың тұрмыстық-әлеуметтік мәселесін шешу кезек күттірмей тұр. Ол үшін баланың дүниеге келуіне байланысты отбасының баспаналы болу тетігін қарастыру жөн болар еді. Мүмкіндігінше кез келген отбасында бала санына қарай мемлекеттен алынатын тұрғын үй ипотекасының пайызын азайтуды ұсынар едім. Өйткені отбасы құндылығын қаржыдан дербес қарастыра алмаймыз, – деді ол.

Наурызнама аясында отбасының алтын тұғырын айшықтау межесі тұр. Сарапшылар меңзеген маңыз – дәстүрлі тәрбие жолымен қатар бүгінгі қазақ отбасының қалауын табу. Олай болса, рухани қалыпқа қайта оралу, отбасының маңызын дәріптеу, тұрмыс ахуалын жақсарту келешек шешім мен нәтижеге ықпал етпек.

Оқи отырыңыз: Игі істердің бастамасы: бүгін - Қайырымдылық күні

Новости партнеров