Орталық Азия медиафорумында қандай бастамалар көтерілді

Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметі
Мәдениет және ақпарат министрінің баспасөз қызметі

Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 Елордада өтіп жатқан ІІ Орталық Азия медиафорумы барысында Орталық Азия журналистеріне арналған және БАҚ өкілдерін біріктіретін бірқатар бастама көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, бірқатар ұсынысты ортаға салғымыз келеді. Атап айтсақ, өзара тәжірибе алмасу және сала мамандарының біліктілігін арттыру үшін өңірлік форумдар, семинарлар, тренингтер, шеберлік сағатын, баспасөз турларын өткізуді ұсынамыз. Біздің тарап осындай іс-шараларды ұйымдастыруға арналған алаңдарды ұсынуға дайын", — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумда.

ІІ Орталық Азия медиафорумда министр көтерген бастамалар:

  • елдердің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру;
  • жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру;
  • үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау;
  • «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, ол арқылы қоғамның ең лайықты өкілдері, тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелейді;
  • «Наурызға» арналған телекөпір ұйымдастыру, елдерге ортақ мереке күндері біріге түсуге мүмкіндік береді;
  • бауырлас елдердің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, сериалдар және өзге де өнімдер үшін ең төменгі төлемді белгілеу немесе оны мүлдем алып тастау;
  • бірлескен туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту;
  • Биыл күзде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну;
  • телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру, бұл шетелдік тілшілер пункттерін ұстауға арналған шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді.

"Елдеріміздің одан әрі өсуі мен дамуы үшін үлкен әлеует бар екеніне, ал халықтарымыз бір-біріміз туралы жағымды ақпаратты көбірек біле түсетініне сенімдімін. Жалпы, форум аясында Euronews, CNN, Яндекстің шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланып отыр, бұл өте пайдалы болады деп ойлаймын, сондықтан әріптестерімді белсенді қатысуға шақырамын", — дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.

Оқи отырыңыз: Президент: Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын төмендетуге жол бермеу

Новости партнеров