Полицейлер шығынға батырды: 16 қызметкер цех ішінің астаң-кестеңін шығарған

Кәсіпкер моральдық және материалдық шығынды түгел өтесін деп талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстауда балық өңдеумен айналысатын кәсіпкер «полиция қызметкерлерінің кесірінен шығынға баттым» деп шағымын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Цех иесі Айжан Нұғыманованың сөзінше, ішкі істер бөлімінің 16 қызметкері өндіріс орнына келіп, «жедел профилактикалық іс шара өткізіп жатырмыз» деген желеумен 584 келі балықты тәркілеп алып кеткен. Артынша қылмыстық құрам жоқ деп істі қысқартқан. Ерекше бапты талап ететін тұзда тұрған балық етін ұн салынған қапқа қалай болса солай салып, өнімді жарамсыз етіп тастағандары тағы бар. Енді кәсіпкер моральдық және материалдық шығынды түгел өтесін деп талап етіп отыр.

Бұл кадрлар сол түні балықтарды тәркілеген кезде түсірілген. Цех ішінің астаң-кестеңі шыққан. Қақтауға және тұздауға дайындалып жатқан балық өнімін полиция ұннан қалған қапқа қан жоса етіп салып алып кеткен көрінеді. Ал кәсіпкер Айжан Нұғманова тауарды талқандамай мөр басып, есігін жауып кетуді өтініпті. Алайда тәртіп сақшылары оның айтқанын тыңдамаған.

«Келгенде 7 көлік тұр, 16 кісі жүр. Бір террористі ұстағандай. «Жігіттер, не болды?» деп сұрағанымда «бізге жедел ақпарат түсті» деді. «Қандай құжаттарыңыз бар?» деп сұрағанда куәлік көрсетті. Мені цехтен итеріп, шығарып жіберді. Құлақ асқан жоқ», – деді кәсіпкер Айжан Нұғманова.

Бизнесін дамыту үшін 30 млн теңге несие алған цех иесі «шығыным шаш етектен» деп отыр. Ол айына 700 мың теңге банкке берешек төлейді. Цехтың коммуналдық қызметіне төленетін шығыны тағы бар. Кешегі тәркіленген балық өнімдерін қосқанда 4 млн теңге қаржысынан қағылып қалған.

«Балықтар өңдеуге жарамайды. Соның ақшасын шығарып берсін! Сосын моральдық шығынды өтесін. Екі апта не тамақ батпады, не ұйқы жоқ, жұмыс тоқтап тұр, несиені төлеуім керек еді. Екі апта жұмыс жасамағасын немен төлеймін? Шығынды өтесін», – деді  кәсіпкер Айжан Нұғманова.

Кәсіпкер әділдік іздеп ел астанасына барған. Шағымын кәсіпкерлік палатаға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен  бас прокуратураға дейін жеткізіпті. Содан кейін бұл іс қылмыстық құрам жоқ деген шешіммен тоқтатылды. Қазір өңірдегі кәсіпкерлік палата уәкілетті органдарға арнайы хат жолдап, қызметтік тексеріс жүргізуге тиісті тапсырма берген.

 

«Облыстық прокуратураға, Мұнайлы ауданының прокуратурасына қадағалаушы орган ретінде және ІІД-не, ішкі қауіпсіздік басқармасына хат жаздық. Осы кәсіпкердің арызын жібердік. Ол жерде ақ-қарасын анықтап, кінәлі адамдар болса, жауапқа тарту мәселесін шешіңдер деп талап қойдық», – деді  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әмірғали Жанаев.

Кәсіпкер әзірге жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сәйкесінше табыс көзінен айырылып қалды. Оның үстіне балықтары да жарамсыз күйде. Мұның бәрі жанына батқан жан талап-арыз дайындап, сотқа жүгінбек. Ал облыстық прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаментімен бірлесіп, полиция қызметкерлерінің  әрекетін тексеретін болды.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отрыңыз: 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров