Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке министрліктің мәдениет, ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынас, жастар саясаты, креативті индустрия, отбасы-демографиялық саясат, мұрағат және кітапхана ісі салаларында биылғы атқарған шаралары, сондай-ақ ведомствоның 2025 жылға арналған перспективті жоспарларын жүзеге асыруға дайындығы жөнінде мәлімет берілді.
Аида Балаева биыл алғаш рет қазақ өнері әлемге әйгілі арт-алаңдарда, атап айтқанда, Венеция биенналесінде, Гиме Азия өнері музейінде таныстырылғанын, сондай-ақ Қазақстанның баспа өнімдері Франкфурт кітап жәрмеңкесінде көрсетілгенін айтты.
Оның ішінде, Qazaq сulture ақпараттық-ағартушылық платформасын сегіз тілде іске қосу еліміздің тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін дәріптеу тұрғысынан маңызды жобаға айналғаны, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты айтулы мәдени-бұқаралық іс-шара ретінде бағаланғаны атап өтілді.
Сондай-ақ министрліктің заң жобаларын әзірлеу бағытында атқарған жұмысы туралы баяндады.
"Биыл елімізде журналистердің мәртебесін арттыруды көздейтін жаңа БАҚ туралы заң қабылданды. Және «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамалық өзгерістер Парламент қарауына ұсынылды", - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысына еріктілер қозғалысын дамыту шаралары жөнінде де есеп берілді.
Сонымен қатар ведомство басшысы креативті индустрияны қолдау шаралары әзірленгенін жеткізді:
"Президент келесі жылы өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді мерейтойлық әрі маңызды іс-шараларға дайындық барысын жіті бақылауға алуды тапсырды", - делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Албания президентіне құттықтау жеделхатын жолдады