Астанада дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Жаңа жылдық мерекеге еліміздің барлық өңірінен оқуда озат, спортта, шығармашылықта жетістіктерге жеткен 100 бала қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген шырша, әртүрлі ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Оқушыларға Елорданың әсем жерлері мен мұражайларына экскурсия ұйымдастырылып, театр мен кинотеатрға барды. Оқу-ағарту министрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әр балаға сыйлық үлестіріп, жаңа жылдық құттықтау хатын табыстады.
"Президенттік шырша еліміздің барлық өңірінде өтті. Жалпы 4 мыңнан аса бала қатысты. Балаларға Президенттің атынан құттықтау хат және сыйлық табысталды. Сыйлыққа планшеттер, ұялы телефондар және балаларға арналған кітаптар сыйға тартылып отыр. ойыншықтар және тәттілер берілді", – деді ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Елордада өткен Президент шыршасына әр өңірден бес баланы облыстық комиссия ережеге сәйкес таңдап ұсынған. Соның бірі Ақтөбеден келген 7 сынып оқушысы Жасна Орақбай жаңа жылдық шараға ерекше дайындалған. Ол өзі жақсы көретін ертегінің кейіпкері Қар Ханшайымының образын таңдаған. Оқушының көйлегін тігуге мектеп директоры мен ұстаздар, ата-аналар атсалысыпты.
"Көңіл-күйім өте жоғары. Президенттік шыршаға келгеніме өте қатты қуаныштымын. Сол себепті ҚР Президентіне Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және менің мектебімдегі директорға, апайларыма алғыс айтамын! Маған бәрі ұнады", – деді 7 сынып оқушысы Жасна Орақбай.
Оқи отырыңыз: Ертегі әлемі: Алматыда Президент шыршасы өтті