Алматы әуежайын дүрліктірген қаскөйге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Алматы әуежайында қызметкерді қорқытып, кепілге алған ер адамның бұрын да істі болғаны анықталды. 67 жастағы күдікті былтыр автобус ішінде шу шығарып, әйелге қол көтерген. Ал Алматы әуежайын дүрліктірген қаскөйге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал әуе қауіпсіздігінің қызметкерімен психологтар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұртшылықты алаңдатқан оқиға бүгін сағат 11:45-те әуежайдың ішкі терминал аумағында болған. Белгісіз ер адам жолаушы ретінде кіріп, ұшуға дейінгі тексеру аймағына құжатсыз жетпек болған көрінеді. Ол оны тоқтатуға тырысқан әуе қауіпсіздігі қызметкерін шашынан тартып, пышақпен қорқыта бастапты.
Сол сәтте әуежайға танысын шығарып салуға келген Мұса Әбдірайым жағдайды байқап, әрекет етуге бел буыпты. Ол шабуылдаушыға қызметкерді босатып, орнына өзін кепілге алуды ұсынған. Өзгенің өмірі үшін басын қатерге тіккен азамат «қыздың жан дауысы шыққанда, қол қусырып отыра алмадым, еш қорқыныш болмады» деп бөлісті. Желіде тараған бейнежазбалардан Мұса Әбдірайымның күдіктіні сөзге тартып, әп-сәтте оның қолындағы пышағын тартып алғаны анық көрінеді.
«Өзімді ойлаған жоқпын мен, қыз баласы қатты қорыққандықтан айғайлап, ана кісі одан бетер пышақты таққады. «Мен кепілдікке ал» дедім, сәл де болса уақыт созып, көңілін басқаға аударғым келді. Ол көне қойды», – деді қала тұрғыны Мұса Әбдірайым.
Жеті минут ішінде полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері әлгі ер адамды ұстап, қаруын тәркілеген. Қазір ол қамауда, тергеу амалдары басталды.
Ал бассыздыққа барған ер адамнан зардап шеккен әуе қауіпсіздігінің қызметкерімен психологтар жұмыс істеп жатыр.
«ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес әшкереленбейді. Сол себепті алдын ала тергеу толықтай жүргізіліп, қылмыскердің іс-әрекетіне толықтай сараланады», – деді Алматы қаласы Әуежайы желілік полиция бөлімінің бастығы Руслан Қозыбақов.
«Бұл жағдай қызметкерлердің барлық нормативтер мен алгоритмдерге сәйкес әрекет еткенін көрсетті. Әуе қауіпсіздігі қызметінің басты міндеті – осындай жолаушылардың қару-жарақ және тыйым салынған заттармен бақылау аймағына немесе әуе кемесінің бортына өтуіне жол бермеу. Бүгін дәл осы міндет орындалды», деді Авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы Виктор Голубев.
Бұл жағдайда батылдық танытқан Шымкент қаласының тумасы Мұса Әбдірайым 52 жаста. Алматы облысында тұрады. Бес баланың әкесі бұрын тай боксы, жекпе-жек сынды спорт түрлерімен айналысқан. Ержүрек азамат уақытша жұмыссыз екенін де айтты. Қызметкерді кепілге алған күдіктіге қарсы шыққан ер кісінің батылдығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтіп, оны «Ерлігі үшін» медалімен наградтады.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан