Тиісті сараптамалар тағайындалған
Семей қаласында жаңа туған шақалақты қоқысқа тастап өртеп жіберген. Денесінің 80 пайызы жанып кеткен шақалақ ауруханада қаза болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіріп жатыр.
«Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шақалақтың сағат 19.40-та көз жұмғанын мәлім етті.
«Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен байланыста болып отырмын», - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Оқи отырыңыз: Буынсыз адам атанған Айдос Тоқтарбай өмірден өтті