Шам жағып отырмыз: жарықсыз, сусыз отырған артыраулықтар төлеген қаржы есебін сұрады

Көпшілік тұрғын үй кешенін әкімдік балансына өткізіп беруді талап етіп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда былтыр ғана баспаналы болғандар шу шығарды. «Тұрғын үй кешенінде мәселе шаш етектен» деген көпшілік мердігер компанияның жұмысына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баспаналы болған халық былтыр көшіп келген. Бір жылдан бері инфрақұрылымның дұрыс жүргізілмей, қайта-қайта істен шығуы көпті қажытып жіберген. Жарық пен судың зардабын тартқан халық «ай сайын қыруар қаржы төлейміз, бірақ жағдай жасалып жатқан жоқ» дейді.

«Жарық жиі өшеді, сөнген сайын балаларымыз лифтіде қамалып қалады. Тұрғын үйдің сыртқы құрылысы толық аяқталған жоқ. Қымбатқа алған техникамыз күйіп кетті.  Шығынды кім төлейді? Қазір суды сатып алып ішіп отырмыз, жарық жоқ, шам жағуға көштік. Не масқара? Қыруар қаржы құйдық», – деді қала тұрғыны Мирас Жақыпбеков.

 «Күйген техниканың ақшасын кім береді, кімнен сұраймыз? Жағдайымыз қиын. Жарық пен су жоқ. Бізге көмек керек. Әкімдікке айтып та, жазып та жатырмыз. Ақшасын уақытында төлеп отырмыз. Жарық күнде өшеді», – деді қала тұрғыны Ботагөз Шапақова.

Жиналған жұрттың жанайқайын тыңдауға келген компания өкілі ақаудың қайдан шыққанын түсіндірді. Әрі тұрғындар талабы ескерусіз қалмайды деп сендірді.

 «Қай уақытта жарық сөнсе, ақауды анықтап, бірден жөндеп береміз. Барлық компания өкілдері осында. Бұл жағдай қайталанбас үшін әрекет етіп жатырмыз. Техникалық ақауды анықтадық», – деді компания директоры Тимур Өтемұратов.

Тұрғындар компания тарапынан көрсетілетін қызмет сапасына көңілі толмайтынын жеткізіп, тұрғын үй кешенін әкімдік балансына өткізіп беруді талап етіп отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Астанада диванын «сатқан» әйел сотталды

Новости партнеров