СҚО-дағы "жылы аялдамалар" елді жылытпай тұр

Петропавл көшелерінде ескі аялдамалардың орнына 18 жаңа аялдама орнатылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытымыр қыста қатып қалмау үшін елдің солтүстігінде жылы аялдамалар орнатылып, көпті қуантқан. Бірақ қалың елдің қуанышы ұзаққа созылмады. Ашылмай жатып, жабылып қалған, әрі қымбатқа түскен бұл аялдамаларды жылу жүйесіне қосуда қиындық туған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен жылдың соңында Петропавл көшелерінде ескі аялдамалардың орнына жылы павильондар қойыла бастады. Барлығы 18 жаңа аялдама орнатылғанымен, тұрғындар күткендей жайлылық әлі сезілер емес. Суық күндері пана болар деген нысандардың іші лас әрі жылытылмаған. Тұрғындар бұл жағдайға алғашқы күннен-ақ наразылық білдіріп келеді.

"Іші өте лас, ешкім тазаламайды, сондықтан онда тұру мүмкін емес. Кейде адамдар жиналып, ішімдік ішіп отырады. Бұл өте жағымсыз жағдай. Өте суық. Неге  “жылы аялдама” деп атағанын түсінбеймін", – деді қала тұрғыны.

"Өте суық. Жылу беріледі деп айтқан, шынымен қосса жақсы болар еді. Көктем де жақындап қалды", – деді қала тұрғыны.

Жаңа аялдамалардың сапасымен қатар, олардың құны да қала тұрғындарының көкейінде тұрған сұрақ. Әр павильонның бағасы 8500 миллион теңге. Қоғам белсенділері соманы негізсіз деп санайды, тіпті осындай аялдамаларды екі есе арзанға орнатуға болатынын жасырмады. Мамандардың айтуынша, сатып алу процесі төтенше жағдай режиміне сәйкес келіп, жеңілдетілген тәртіпте өткен.

"Олар заңның 39-бабын негізге алып, сатып алған. Алайда бұл аялдамалардың төтенше жағдай режиміне қандай қатысы бар? Біз бұл сұрақты қоғамдық кеңеске жолдадық, төраға прокуратураға сұрау жіберді. Енді бұл істі құқық қорғау органдары тексеріп, реттейді", – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Жанат Мұхамеджанов.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, алғашқы жылы аялдамалар табиғи апаттан зардап шеккендерге арналған «Бірлік» шағынауданында орнатылған. Кейін бұл жұмыс қала бойынша жалғасқан.

"Былтыр қалада 20-ға жуық жылы аялдама орнатылып, ескі шыны павильондар ауыстырылды. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Аялдамаларды электр желісіне қосу туралы шешім қабылданып, техникалық шарттар қабылданды. Қазір қосу жұмыстары жүргізілуде", – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Жергілікті билік өкілдері павильондарды электр және жылу жүйесіне қосу жұмыстарының әлі де жалғасатынын айтты. Алайда жұмыстың қашан аяқталатыны белгісіз. Қазір қыстың соңғы айы екенін ескерсек, көпті суықтан сақтайтын нысанның міндетін қашан әрі қалай атқарып үлгеретіні жұмбақ.

Мәди Мәлік, Нұргүл Алина, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу - қылмыс: бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Новости партнеров