Ұлттық құрылтайда Президент салық реформасы керек екенін баса айтты - экономист

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Мақсат Халық салық жүйесі халыққа барынша түсінікті болуы керек екеніне атап өтті 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Елімізге расымен де салық реформасы керек және салық жүйесі қарапайым халық үшін барынша түсінікті болуы қажет». Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты пікір білдірген экономист Мақсат Халық осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

 «Ұлттық құрылтайда Президент салық реформасы керек екенін баса айтты. Расымен де, елімізге салық реформасы керек және салық жүйесі қарапайым халық үшін барынша түсінікті болуы керек. Менің ойымша, салық жүйесін қиындатудың қажеті жоқ.

Қосылған құн салығына қатысты да қазір қоғамда әртүрлі ой-пікір айтылып жатыр. Өз басым ҚҚС есебіне алудың ең төменгі шегінің 15 млн теңгеге дейін төмендетілгеніне қарсымын. Және бөлшек сауда нарығындағы келісімдердің, яғни Экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы жiктеуiшi (ЭҚЖЖ) аясы тарылып жатқанын да қолдамаймын. Бұған байланысты меніңше, қоғамдық тыңдау болуы керек. Жан-жақты сарапшылар шақыртылып, үлкен пікірталас негізінде бір шындыққа келуіміз керек», - деді Мақсат Халық.

Оның айтуынша, Президенттің шын мәнінде салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге де қатысты айтқан пікірі өте орынды.

«Салықтан жалтаратын да кәсіпкерлер бар, салықты адалынан төлеп жүрген де кәсіпкерлер бар. Өкінішке қарай, дәл қазіргі салық реформасы сол адал салық төлеп отырған кәсіпкерлердің жүктемесін одан ары арттыруға бағытталып отыр деуге негіз бар. Меніңше, Президенттің айтқандары өте орынды, енді соны тиісінше орындайтын Үкімет керек. Оның орындалуы басқаша сипат алып кетіп жататын кездері болады. Сондықтан Президенттің айтқан сөздерінің дұрыс жүзеге асуын қадағалайтын және орындайтын атқарушы биліктің шеберлігі, нақты іскерлігі керек», - деді экономист маман.

Оқи отырыңыз: Құрылтайда Президент ең өзекті мәселерді атап шықты – тарихшы

Новости партнеров