Алматы облысында тұрғын үйдегі жарылыстан бір адам қаза тапты

Алматы облысында тұрғын үйдегі жарылыстан бір адам қаза тапты

Марқұмның өмірінің соңғы минуттары бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Жалпақсай ауылында газ жарылып, бір адам қаза тапты. Ал мәйіт табылған үйдің астаң-кестеңі шыққан. Одан бөлек, тағы 4 үйге зақым келіпті. Облыстық полиция департаментінің дерегінше, марқұмның денесіне сот-медициналық сараптама жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы әлі анықталып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Марқұм өмірінің соңғы минуттары бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Бейнематериалда 67 жастағы ер адамның курьерлермен бірге үйге жаңа тоңазытқыш кіргізіп жатқаны байқалады. Ол жақында ғана баспанасына жөндеу жүргізіп, ішін техникаға толтырып жатқан екен. Ал марқұмның көршілері жеткізу қызметімен айналысатын екі адам жарылыс болған сәтте ғимараттан шығып үлгергенін айтады.     

«Мен келгенде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнында болды. Көршімді үйінді астынан шығарып жатты. Оның «көмектесіңдер» деп айқайлағанын өз құлағыммен естідім. Бұлай болады деп ойлаған емеспін. Олар жақында ғана жөндеу жұмысын жүргізіп, газ қондырғысын орнатқан еді. Ал біздің үйге келсек, баспанамыз тұруға жарамсыз болып қалды», - дейді марқұмның көршісі Артём Беличенко.

Жойқын жарылыс жер үйдің күл-талқанын шығарған. Одан бөлек, көршілес 4 баспанаға зақым келтіріпті. Абырой болғанда, басқа тұрғындар дін аман. Қазір үй иелері аумақты қирандылардан тазартып жатыр.

«Оқиға орнында жедел тергеу жұмыс істеп жатыр. Нақты қандай себептермен жарылыс болғаны анықталғаннан кейін заңды түрде көмек көрсетуге әрекет етеміз», - деді Қарасай ауданы Ұмтыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Абылай Ысқақов.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті апаттың неден болуы мүмкін екенін түсіндірді.

«Жарылыстың алдын ала себебі – тұрғын үйді газбен жабдықтау жүйесінен табиғи газдың ағуы. Алматы облысының ТЖД азаматтарды газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің бас маманы Дархан Өмірәлиев.

«Өкінішке қарай осындай жағдайлар болып жатады. 2024 жылы маусым айында осы үйге қызмет көрсетілді. Жабдықтардың бәрі, біріктірілген тұстар тексерілді. Біз өзіміздің компанияның талаптары бойынша жыл сайын жоспардағыдай барлық үйге жоспарды тексеру жасаймыз», - деді «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ президенті Ерлан Тойжан.

Үйі қираған тұрғындар оқиғаның салдарымен өз бетінше күресіп жатыр. Десе де, жауаптылардың көмек беретініне сенім білдіріп отыр. Ал бүлінген баспананың дәл жанында орналасқан үй иесі жағдай қайталануы ғажап емес дейді. Сол себепті, басқа жаққа көшпекке шешім қабылдапты.

Рүстем Айткәрім, Аида Иманәлі, Алишер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров