Сахнада 75 жыл: Алматыда Бибігүл Төлегенованың мерейтойы атап өтілді

Биыл өнер иесі 95 жасқа толды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың мерейтойы Алматыда кең көлемде атап өтілді. Биыл өнер иесі 95 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күміс көмей әншінің тұнық дауысын танымайтын қазақ кемде-кем. 75 жыл ғұмырын сахнаға арнап, әлемді әнімен тербеген лирикалық сопрано иесі мерейтойын Республика сарайында атап өтті. Ұлт мәдениеті тарихында өшпес із қалдырған қазақтың бұлбұлы биыл 95 жасқа толды.

"Құдайға шүкір, еліммен бірге 95 жылдық мерейтойымды тойлап жатырмын.  75 жыл сахнада өнерге қызмет еттім", – деді КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

"Ел қуанып қарсы алып жатыр. 95 жылдығын Астанада өткізіп келді, бүгін  Алматыда әдемі кеш болып жатыр. Бибігүлдің халыққа жасаған еңбегі, тәлім-тәрбиесі, адамгершілігі зор. Жан-жағына жұғымды адам ғой", – деді ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Мерекелік концерттің шымылдығын эстрадалық симфониялық оркестр ашты. Сондай-ақ жезтаңдай әншінің шығармашылығы шабыт берген, өздері де өнер жұлдыздарына айналған әртістер өнер көрсетті.

"Бибігүл апамыздың даусын тыңдау үшін келдік. Ол айтқан ән жанды тебірентеді",– деді  қала тұрғыны Айман Несіпбаева.

"Мерейтойлық концерт демалыс күніне түсіп отыр. Арнайы уақытымды бөліп,  іздеп жүріп билет алып", – деді қала тұрғыны Берекет Теміртайұлы.

Кеш соңында Бибігүл Төлегенова сахнаға шықты. Әдеттегідей тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, Вердидің операсынан ария орындады. Артынша «Көктем әнін» шырқады.

Айта кетейік, әншінің мерейтойы аясында республикада 150-ге жуық іс-шара өтті.  

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда Аяз ата мен Ақшақарлар шеруі өтті

Новости партнеров