Экологтардың айтуынша, бұл – қаладағы ертеден келе жатқан өзекті мәселенің бірі
Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны толып қалған. Оның ресурсы 5 жыл бұрын таусылғанымен, жаңасы әлі салынбады, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.
Өскемендегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмыс істеп тұрғанына 70 жылға жуықтаған. Осы жылдар ішінде онда 7 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналған. Ал ара-тұра болатын өрттен ащы түтін бүкіл аумаққа таралады. "Онсыз да еркін тыныстау мүмкін емес" деген тұрғындар жазда терезені ашудан қалған.
"Жолдың пакет қалдықтары, жаз, көктем айларында талдардың басында ілініп тұрады. Жерасты суының бәрі бұзылған", – деді Степное ауылының тұрғыны Жанар Оспанова.
Экологтардың айтуынша, бұл – қаладағы ертеден келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Шешім табуға нақты қадамдар жасалғанымен, жаңа полигонға орын іздеу ұзаққа, яғни 10 жылдан аса уақытқа созылып кеткен. Сөйте тұра, қаладан қолайлы жер табылмапты. Жақын маңда әуежайдың болуы, даму жоспары, санитарлық-қорғау аймақтарының сақталуы амалсыз көршілес аудандардан жер қарастыруға мәжбүрлеген.
"Қаланың ең жақын Ұлан және Глубоковское аудандарында 2022 жылы сұрыптау желісі салынып, пайдалануға берілген. Ушаново ауылының маңында қолайлырақ жер телімі бар", – деді ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев.
Полигонның аталған ауылда орналасуы экономикалық және экологиялық жағынан тиімді болмақ. Қазір қаладағы барлық қоқыс алдымен сұрыпталады. Бұл полигонда сақталатын қалдық көлемін 15 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар таңдалған учаскеде Ұлан ауданына қарағанда ыңғайлы қатынауға арналған жолдар бар. Дегенмен Ушаново ауылының тұрғындары мұндай ұсынысқа риза емес.
"Зардабын біз шегетін боламыз. Біріншісіден, ағашта полиэтилендер көбейеді. Екіншісіден үнемі кептеліс болмақ, үшіншіден, сасық иіс, егеуқұйрықтар қаптайды. Бұл жер туристік бағыт қой", – деді Ушаново ауылының тұрғыны Дәурен Молдамсейітов.
Ушаново арқылы өтетін жол облыстың ең көрікті жерлері – Катонқарағай, Алтай, Бұқтырма су қоймасына апарады. Бірақ билік қоқыстың шашылып кетпеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіріп отыр. Полигон тұтастай заманауи стандарттарға сай болмақ. Олар тіпті қалдықтарды қайта өңдеуді ұйымдастыруға дайын. Бірақ әзірге тұрғындар келісім бермеген. Сондықтан алда ұзақ қоғамдық тыңдау процестері жүргізілмек.
Жансая Олжабек, Руслан Мұхамедьяров,Өскемен
Оқи отырыңыз: Ескерткіш құлап, мерт болды: марқұмның жақындары тергеудің жан-жақты жүргізілуін талап етуде