Басқарма басшысы саланы ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс істеп жатқанын айтты
Жамбыл облысында ветеринарлар шу шығарды. Бұған өңір бойынша 140-тан аса ветеринар-санитар маманның жұмыстан қысқаруы себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әкімдік алдына жиылған мал дәрігерлері аймақтағы мыңнан аса ветеринардың мәселесін арқалай келгенін айтты. Олардың айтуынша, онсыз да маман жетіспей жатқанда әріптестерін жұмыстан негізсіз шығарған. Сан жыл жұмыс істеген мамандарға себебін де айттылмапты.
«Қордай ауданының өзінен 16 адам жұмыстан қысқартылды. Осындай заманда ол әрбір отбасы үшін қиын. Олар 80 мың теңге айлық алатын, қазір жұмыссыз», – деді Отар ауылдық округінің ветеринарлық пункт меңгерушісі Жалғас Қуандық.
«Әкем жағдайды естіп, инсульт алып қалды. 2000 жылдан бері 25 жылдың еібек өтілі бар. «Сонша жыл жұмыс істеп, неге қысқардым?» деп түсінбей отыр, ешқандай жауапкершілік жоқ, жауап жоқ», – деді Талас ауданының тұрғыны Айбар Тұрысбек.
Қызметкерлер кейінгі жылдары жұмысшыларға жағдайдың мүлдем жасалмағанын айтты. Мәселен жалақы жыл басында 2 айға дейін кешігіп, зиянды вакцинамен жұмыс үшін төленетін өтемақы да берілмеген. Ал жұмысшылардың кейбірі жағдай жасалмағандықтан, өз еркімен орнын босата бастаған.
«30 мың қой бар, уақ малдың өзінен. Игере алмаймын. Қазір жұмыстан бәрі шығып кетті. Қызыләуіт ауылында маман жоқ. Ал бұл кісілер «шықсаңдар, шыға беріңдер» дейді. «Жоспар орындалмаған жағдайда, айлық жоқ» деп отыр», – деді мал дәрігері Азамат Жайлымысов.
Ал басқарма басшысы «қысқартуға ұшыраған қызметкерлердің бұл салаға мүлде қатысы жоқ» дейді. Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы басшылық қажетсіз болса да мамандарды артығымен ала берген көрінеді.
«Еден жуушы, қарауыл, көлік жүргізуші. Сондай азаматтарды жұмысқа алған. Бірақ ол қажеттіліктен тыс. Бір мәшинеге 2 көлік жүргізушісі керек пе? 1 мекемеге 2-3 еден жуушы керек пе? Жол болмаса артық қарауыл керек пе? Соның бәрін біз оңтайландырып, ветеринарияға қатысы бар адамдарды ғана қалдырдық», – деді Ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев.
Басқарма басшысы саланы ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс істеп жатқанын айтты. Себебі жергілікті билік өкілдері осы уақытқа дейін жалған ақпарат беріп келген. 2024 жылы тізімде бар, заты жоқ 1 млн 308 мың мал басы қысқарған.
«Бұзылған жүйені қалпына келтіру оңай болып жатқан жоқ. Облыстық ветстанцияның құрылғандағы мақсаты – өзін-өзіне ақша табу. 24 жылдың қортындысы бойынша мекеме 13-ақ миллион теңге пайда тапқан. Ал биылғы 2025 жылы 4 айда 125 миллионға жуық қаржы табайын деп отырмыз», – деді Бақыт Бетбаев.
Жауаптылар қысқарған қызметкерлердің қайта жұмысқа қабылданбайтынын кесіп айтты. Ал қысқартудан үнемделген қаржыға ветеринар мамандардың қажеттілігін өтелмек. Себебі аймақта 2013 жылдан бері бірде-бір қызметтік көлік жаңармаған. Есесіне, биыл 40 ветеринарлық пункт салынып, мал емдеп тоғытатын алаңдар тұрғызылмақ. Солар арқылы ақылы қызмет көрсетілетін болады.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Төлем тым қымбат: қостанайлықтар мемлекеттің жекеменшік балабақшаларды қолдауын сұрайды