Жер сілкінісі: ШҚО қауіпті аймаққа жата ма

Қауіпті аймақтардың қатарында Алматы мен Шығыс өңірінен бөлек, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан жер сілкінісі көп болатын 10 елдің қатарына еніп, 6-орынға жайғасты. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 58 сатыға көтерілген. Ал табиғи апаттың бұл түрі жиі кездесетін өңірлердің қатарында ШҚО бар. Сол себепті аймақта арнайы сейсмикалық карта да әзірленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр шығыста 3 жер сілкінісі тіркелді. Дегенмен жергілікті жұрттың көпшілігі оны сезбеген. Ал өткенге көз жүгіртсек, облыстағы ең жойқын зілзала 1990 жылы Зайсанда болған. Оның қуаттылығы 7 баллға жеткен. Салдарынан 9 мыңға жуық үй бүлінген. Табиғи апаттың әсері, тіпті көршілес жатқан Марқакөл, Тарбағатай, Көкпекті аудандарында да байқалған.

"Ешқайсымыз үйге кіре алғанымыз жоқ. Бүкіл үй бұзылып,киіз үйде отырдық. Сосын қайта бір толқын келіп, жер қайта сілкінді", – деді Біржан ауылының тұрғыны Әлия Доспаева.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тербеліске қатысты болжам жасау үшін қазір облыста сейсмостансалар жұмыс істеп тұр. Ал соңғы 2 жылда арнайы сейсмодатчиктер орнатыла бастаған.

"Екі сейсмостанса бар және 12 датчик орнатылды. Олар онлайн режимде жұмыс істейді. Ал ақпарат бірден орталық обсерваторияға жіберіледі", – деді ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева.

Осы бастама облыстағы сейсмикалық картаның әзірленуіне септігін тигізген. Ол қауіп деңгейін анықтап қана қоймай, құрылысшылар үшін де ереже бекітіп береді. Қазір облыстағы 75 елдімекен қауіпті аймақта орналасқан. Енді жойқын апатты болдырмау үшін жаңадан салынған нысандар сейсмикалық нормативтерге сай болуы керек.

"Жоспарға сай, Өскемен қаласындағы тұрғын үйлерді паспорттау қажет. Әлеуметтік маңызы бар нысандарға, ертеде салынған көпқабатты үйлерге де ерекше көңіл бөлінеді", – деді құрылыс басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Сәтбаева.

Атап өтерлігі, еліміздегі Құрылыс кодексіне өзгерістер енуі мүмкін. Бұдан былай  сейсмикалық аймақта нысан салатындарға талап күшейтіледі.

Еске салсақ, қазір қауіпті аймақтардың қатарында Алматы мен Шығыс өңірінен бөлек, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласы тұр.

Рүстем Айткәрім, Руслан Мұхамедияров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Қарғын су: Петропавлдағы саяжай тұрғындары қауіпті аймақта қалып қоя ма

Новости партнеров