Өткен көктемдегі алапат тасқыннан кейін Петропавлдың бір бөлігін қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданған
Петропавлдағы Заречный шағынауданының тұрғындары қаланың басқа бөлігіне көшіріледі. Билік аймақты қауіпсіз жерге көшіруді қолға алғанымен, 40 отбасы тұратын саяжай массиві бағдарламаға енбей қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен көктемдегі алапат тасқыннан кейін Петропавлдың бір бөлігін қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданған. Оларға жаңа баспана беріледі немесе өтемақы төленеді. Бірақ іргедегі саяжай массиві бағдарламадан тыс қалып қойған. Жылдар бойы осы жерді паналап, тұрақты баспанаға айналдыруды армандаған олар не істерін білмей дал.
"Әкімдік бізді ұмытқан сыңайлы.Бүкіл ауылды көшірмекші, ал біз не істейміз, белгісіз? 2014 жылы техникалық паспортын жасатып, баспана салуға рұқсат алдым. Ұлкен үй салдым. Қалай болғаны, мен бұл жерде заңсыз тұрып жатырмын ба, түсінбеймін?" – деді қала тұрғыны Сергей Лукин.
Өткен жылы саяжай тұрғындарына берілген өтемақы үй иелерінікінен әлдеқайда аз болған. Ал биыл оларға тек жер телімі ұсынылған. Бұл шешім әсіресе жасы келгендер мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ауыр соққы болды. Мүгедек күйеуіне қарайтын Зауреш Бектұрова да жеке үй иелері сияқты толыққанды көшуді қалайды.
"80 квадрат үйім бар, соған сай үй берсін. Салық төлеп отырымын. Ел үшін қызмет еттік, қартайған шақта, мүгедек болған біздерді лақтырып тастай ма? Түсінбеймін, миын жетпейді", – деді қала тұрғыны Зауреш Бектұрова.
Саяжай тұрғындарын әлеуметтік инфрақұрылымның болашағы алаңдатып отыр. Қазір ауылда мектеп бар, бірақ халық көшірілсе, ол да жабылуы мүмкін. Қоғамдық көліктің қатынау-қатынамауы да белгісіз. Егер бұл аумақта тағы да су тасқыны болса, тұрғындар дәл осы үйлеріне қайта оралуға мәжбүр болады. Жергілікті халықтың айтуынша, техникалық паспорт пен меншік құқығын растайтын құжаттары бар. Сондықтан өздерін де қала тұрғындарымен бірдей жағдайда көшіруді талап етеді. Алайда әкімдік өкілдері заң бойынша саяжай үйлері баспана ретінде саналмайтынын алға тартып отыр.
"Биыл саяжай тұрғындарын көшіру қарастырылмаған. Қала бойынша 15 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Олардың кезегін шегеріп, саяжай тұрғындарына пәтерлер бере алмаймыз", – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Қазір Заречный шағынауданында 160 пәтер мен 90 жеке үй бар. Жалғыз баспанасы саяжайда орналасқан тұрғындар барлығына бірдей жағдай жасауды талап етіп отыр. Алайда олардың мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Ал халық көктемді алаңдаушылықпен күтуде.
Мәди Мәлік, Нұргүл Алина, СҚО
Оқи отырыңыз: Алып кит жұтып қойған жігіт қалай аман қалды