Олжас Бектенов орталықтардың жұмысын жетілдіру керек екенін айтты
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн көрсетіледі. Ал азаматтар қажетті құжаттардың 90 процентін смортфон арқылы ала алады. Бұл туралы Үкіметте Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, халық цифрлық құжаттар сервисін бір жылда 292 миллион рет қолданған. Ведомство басшысы Премьер-министрге былтыр мемлекеттік қызметтің 91 пайызы онлайн көрсетілгенін, сондай-ақ, «ұлттық қор – балаларға», «стоп-кредит», «көлік иелену тарихы» сияқты танымал сервистер іске қосылғанын баяндады.
Үкіметте тап-тұйнақтай жазылған баяндамасын оқып берген Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бірқатар жаңалығын айтты. Енді жеке куәлікті ауыстыру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Үйде немесе жұмыста отырып-ақ құжатты онлайн алуға болады. Ал суретіңіздің талаптарға сәйкестігін маман емес, жасанды интеллект бағалайды.
«Процесс барынша қарапайым. Идентификациядан өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасап, құжат дайын болғаны туралы SMS күту. Кезексіз, үйден шықпай жасалады. Аталған сервис шамамен 1 миллион адамға халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ қызмет көрсете алады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Министрлік бүгіннен бастап тағы бір цифрлық қызметті іске қосты. Көшеде терезесі ашық қалған немесе жолды бөгеп тұрған көлік иесіне eGov.kz арқылы анонимді хабарлама жіберуге болады. Ол үшін мобильді қосымшада көрсетілген тетікті таңдап, темір тұлпардың мемлекеттік нөмірін енгізу жеткілікті. Тағы бір жаңашылдық - азаматтар жаңа SIM-карталар сатып алған кезде міндетті түрде биометриялық тіркеуден өтетін болады. Ведомство басшысының есебін мұқият тыңдаған Олжас Бектенов халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін сынға алып, министрлікке нақты үш тапсырма жүктеді.
«Бірінші, жыл соңына дейін жасанды интеллект элементтерін іске қосу арқылы Электрондық үкімет порталын жаңғырту керек. Екінші, шалғай елдімекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыру қажет. Сондай-ақ барлық ауылдық пошта бөлімшелерінде мемлекеттік қызметтер көрсетуді қаржыландыру мәселесі шешімін табуға тиіс. Үшінші, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсететін мейлінше сұранысқа ие қызметтерді онлайн форматқа көшіруді қамтамасыз етсін», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
«Келешекте халыққа қызмет көрсету орталықтары қажет болмай қалуы мүмкін». Осылай деген Үкімет басшысы Олжас Бектенов орталықтардың жұмысын жетілдіру керек екенін айтты. Сондай-ақ eGov.kz 24-те 7 режимінде мінсіз жұмыс істеуге тиіс деп сөзін түйді.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана