Асқар Қарабаев вагон қараушы-жөндеуші болып 20 жылдан бері еңбек етіп келеді
Қоғамның сан түрлі саласында еңбек етіп, өзі тер төгіп жүрген бағытты алға жылжытуға үлес қосқан жандарға қашанда құрмет көрсетілмек. Ел Президентінің "Еңбек адамының" мәртебесі биік болуы керек деп айтатыны да бекер емес. Сый, құрметтің ең жоғарғысына лайық мамандықтың бірі – вагон қараушылар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Асқар Қарабаев вагон қараушы-жөндеуші болып 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жаздың ми кептірер ыстығында да, сарышұнақ аязда да тыным таппайтын маман, қолына балғасы мен темір шегесін алып, рельсте тұрған вагондарға беттейді. Бұл кісілерді көпшілік ақ халатты абзал жандармен теңестіреді. Асқар Қарабаев себебін айтты.
"Вагон қараушыларды вагондардың дәрігері деп айтады. Өйткені олар вагондағы ақауларды жөндейді. Дер кезінде жөнделмесе, вагондар аударылады", – деді "Қазақстан темір жолы" АҚ Жүк тасымалының вагон қараушы-жөндеушісі Асқар Қарабаев.
Әр стансада вагондарды тексеретін 4 маман болады. Пойыз құрамы ұзын болғандықтан төртеуі төртке бөлініп, пойыздың астын қарауға кіріседі. Бұл мамандар вагондардың келесі стансаға дейін аман жетуі үшін кепілдік береді.
"Жүріп бара жатқан пойызды тоқтатып, ақау тауып алғам. Бүйір қапталы орнынан қозғалып кеткен", – деді "Қазақстан темір жолы" АҚ Жүк тасымалының вагон қараушы-жөндеушісі Асқар Қарабаев.
Асқар Қарабаевқа мамандықты таңдауға ата-анасы көмектескен. Тараздың тумасы сол қаладағы № 2 темір жол мектебін тәмамдаған. Оған жұмысы ұнайды. "Берекелі жұмыс болды" деген маман баспана алған. Енді шаңырақ көтеруді жоспарлап жүр.
"Жиырма жыдан бері жұмыс істеп жүрмін. Астана қаласынан пәтер алдық", – деді Асқар Қарабаев.
Ел экономикасы мен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруда теміржол саласының атқарар рөлі, оның ішінде жүк және жолаушылар тасымалының алар үлесі зор. Теміржол саласында аянбай тер төккен әр адамның еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы
Оқи отырыңыз: Алматының Бұқар жырау бульварында жол қозғалысы шектеледі