Алматы Жылу электр орталықтары толық реконструкциядан өтеді
Алматы Жылу электр орталықтары толық реконструкциядан өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі кезеңнен тұратын реконструкция нәтижесінде ауаға таралатын зиянды қалдықтардың көлемін айтарлықтай азайту көзделіп отыр. Осылайша, газбен жұмыс істейтін жылу орталықтары Алматы аспанын қою түтіннен тазартады деп күтілуде. Сондай-ақ бұл процесс экологиялық мониторинг жүйесінің дамуына жол ашпақ.
Жаңғырту жұмыстары елдегі ең ірі мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Ол екі кезеңге жоспарланған. Алғашқысы 2026 жылы аяқталады. Нәтижесінде ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар 90 пайызға азаймақ. Сондай-ақ аса ірі көлемде ауа ластаушы кәсіпорындарға бақылау күшейіп, мониторингтің автоматтандырылған жүйесі орнатылмақ. Яғни экологтар ешқайда шықпай-ақ құрылғы арқылы зиянды қалдықтардың көлемін біліп отырады.
«Президент бастамасымен экологияны жақсартуға көптеген іс-шаралар атқарылуда. Соның бірі – Алматы қаласында орналасқан №2 ЖЭО газға ауыстыру жұмыстары. Қазіргі таңда осы аталған ЖЭО 35 мың тоннаға жуық зиянды қалдықтарды ауаға шығарады. Ал газға ауысатын жағдайда бұл зиянды зиянды қалдықтар 2,7 тоннаға дейін азаймақ», – деді Экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Алмат Әлқожа.
Шаһардағы ең ірі ауа ластаушы көздердің бірі – жылу орталықтары. Оларды көмірден газға ауыстыру экологиялық ахуалды жақсартып ғана қоймай, қосымша жұмыс орнын ашуды да көздейді. Сонымен қатар мұнда тариф мәселесі де аса маңызды. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері жаңғырту жұмыстары аяқталған соң электр энергиясы мен жылу бағасының көтеріліп кетпеуіне назар аудармақ.
«Құрылыс алаңын көрдік. Инженер, мамандармен, Алматы электростанцияларының басшысымен сөйлестік. Барлығы нақты жоспарды берді. Газға ауыстыру арқылы қаланың ауасы тазарады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Техникалық-инженерлік кадрлар керек болады», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қайыржан Әбдіхалықов.
Экологиялық талаптарға сәйкес ірі көлемде зиянды қалдықтар бөлетін кәсіпорындардың маңайы көгалдандырылуы керек. Алматыда бұл мәселе де қолға алынған. Бүгінде №2 жылу орталығынан 1 шақырым аумаққа ағаш отырғызылды.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: Алматыда 28 ағаш құлап, 3 тұрғын үйдің шатыры бүлінді