Әлеуметтік желілерде ауа райы минус 50-ге дейін жетеді деп тараған хабарлама рас болып шықты. «Қазгидромет» өкілдері алдағы күндері елімізде ауа температурасы минус 45-ке дейін төмендейді дейді. Қар теңізінен ауған антициклон далада 35-45 градус суықты көрсеткенімен, шындығында, - 60 градустай сезіледі екен. Ауа райын болжаушылар 6-7 ақпан күндері ұзақ жолға шықпай, таулы жерлерге мүлдем бармауды ескертіп отыр. Біз алдағы күндердегі ауа райы жайында «Қазгидрометтің» инженер-синоптигі Лаура САЙЛЫБАЕВАДАН сұрап білген едік.
– Лаура, алдағы күндерге қандай ауа райы болжанып отыр?
– Орал аймақтарынан келе жатқан атмосфералық фронттармен және Оңтүстіктегі циклонмен байланысты республикамыздың басым бөлігінде қар жауады, қатты екпінді жел соғады, бұрқасын болады. Ал оңтүстік өңірлерде тұман мен көктайғақ күтіледі. Алайда, содан кейін суық антициклонның әсерінен республикамыздың солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында ауа температурасы ақпанның 6-7 күндері түнгі сағаттарда -45 градусқа жетсе, оңтүстік өңірлерде кей жерлерде ауа температурасы -30 градусқа дейін жетеді. Солтүстік аймақтарда 45 градус аяз адамға 60 градустай болып сезіледі, ал оңтүстік өңірлерде 30 градус аяз, 40 градус сияқты сезіледі.
– Ондай күн райы қай уақытқа дейін сақталады? Нақты қай өңірде аяз қатты болады?
– Жаңағы айтқан суық антициклоны қазір Қар теңізінде тұр. Ауа температурасы 45 градус аяз ақпанның 6-7 күндері Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында болады. Ал ақпанның 7-інен бастап Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында ауа температурасы көтеріле бастайды. Тек қана Шығыс Қазақстан облысында ақпанның 8-і осындай суық аязды ауа райы сақталады.
– Ал Алматы мен Алматы облысына қандай болжам жасалып отыр?
– Осындай құбылмалы ауа райында біз қатты қалың қар күтіп отырмыз. Екпінді жел, бұрқасын болады. Сондықтан алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Және де Алматы облысы туралы айтып кетсек, ақпанның 6-ы күні қар жауып, қатты бұрқасын болып, екпінді жел соғады. Ақпанның 7-і тұман мен көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан алыс жолда абай болыңыздар.
– Ақпаратыңызға рахмет.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана