Дәл қазір өтіп жатқан маңызды шараға кей кандидаттар өздері қатысса, енді кейбіреуінің сенімді өкілдері келген. Қазақстандықтар теледебатты тікелей эфирде «Хабар» арнасынан қарап жатыр.
Президенттік сайлауға кандидаттардың теледебаты тартысты өтіп жатыр. Басталғалы бір сағат өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теледебатқа Дания Еспаева мен Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқасы барлығы келген. Тек осы екі үміткер сенімді өкілдерін жіберіп отыр. Дания Еспаева кестесіне сәйкес Павлодар облысында жүр. Оның атынан теледебатқа «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та пікірталасқа қатыспады. Оның орнына республикалық штабының төрағасы Мәулен Әшімбаев келген.
Алғашқы кезеңнің тақырыбы – «Қазақстанның экономикалық дамуының артықшылықтары». Бұл кезеңде әрбір кандидат сайлауалды бағдарламасын таныстыруына мүмкіндік алды. Әрқайсысына 95 секундтан берілді. Регламент қатаң сақталды. Кандидаттардың барлығы өз ойын ашық, анық жеткізді. Экономикалық саясат, ауыл шаруашылығын дамыту, жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын күшейту. Осы мәселелер көтерілді.
Бұдан соң, кандидаттар бір-біріне сұрақ қойды. Сұраққа 20 секунд, жауапқа 90 секунд берілді. Үміткерлердің барлығы дерлік салмақты ой, тұщымды жауаптарын жеткізді. Теледебатқа дейін тәуелсіз саясаттанушыларды жазып үлгердік. Олардың айтуынша, үміткерлер осы маңызды шара арқылы электоратқа, халыққа өзінің бір таптырмас сөздерін айтып кете алады. Ұтымды жақтарын көрсете алады дегенді алға тартуда.
«Сайлауалды пікірсайыстар халықаралық саясатта, шетелдің саяси мәдениетінде ресми емес, бірақ саяси сайыстың ең негізгі бір межесі болып табылады. Енді Қазақстанда бұл дәстүр жаңадан сіңіп жатыр. Осы президент сайлауындағы дебатты кейбір кандидаттар қатыспайды немесе кейбір кандидаттардың сенімді өкілдері қатысып жатыр. Бұл сол партиялардың немесе ұйымдардың өзінің шешімі болуы мүмкін. Бірақ дегенмен де осы дебаттың өтуінің өзі біздің Қазақстанның саяси процесстері үшін, сонымен бірге біздің еліміздегі саяси мәдениетті басқа бір деңгейге көтерілу үшін маңызы өте зор. Осындай дебаттарда кейбір кандидаттар өзінің ұтымды жақтарын көрсете алады», – дейді саясаттанушы Ерлан САИРОВ.
«Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы". Теледебаттың екінші кезеңі дәл осылай аталады. Бұл кезеңде жүргізуші қатысушыларға ортақ сұрақ қойып, кандидаттар оларға жауап берді. Теледебаттардың өткізілуі туралы мамыр айының басында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеген болатын. Бұдан соң орталық сайлау комиссиясы да растады.
«ОртСайлауКом ұсынған регламент жобасының сайлау туралы конституциялық заңының және сайлау алдындағы дебаттарды өткізудің ережелері мен шарттарын бекіту туралы ОртСайлауКом қаулысының талаптарына сәйкес келетіндігі тұрғысынан мұқият қарап шықты. Регламент жобасында ҚР президентін сайлауда телевизиялық пікірсайыстарды өткіузі тәртібі көзделіп отыр. Онда пікірсайысқа қатысушылардың санаты, оларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлейтін кезектілігі, пікірсайыс өткізу тілі, сондай-ақ тақырыптары, раундтары мен турлардың саны, реттері қарастырылған», – дейді ҚР Орталық сайлау комиссияның мүшесі Ләззат СҮЛЕЙМЕН.
Атап өту керек, теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінді. Студияда заманауи форматты түрлі лед экрандар, арнайы телевизиялық жарықтар, декорациялар қолданылған.