Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалының саяси кеңесінде нұротандықтардың жұмысын қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді тиімді шешуге қайта бағдарлау міндеті қойылды. Сондай-ақ партияның кезектен тыс съезінің делегаттары сайланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің жұмысына филиалдың активі, депутаттар мен аудандық филиалдардың өкілдері қатысты.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының саяси кеңесі Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Алматыда конституциялық тәртіпті орнату және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылдаған шараларын бірауыздан қолдады. Ел Президентінің батыл әрекеттерінің арқасында қаланың тыныс-тіршілігі қысқа мерзімде тұрақталды.
Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Алматыда ШОБ шығындарын өтеу, сондай-ақ қаланың зардап шеккен ғимараттары мен құрылыстарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын еске салды.
Бағаның өсуін тежеу жөніндегі шараларды іске асыру аясында үй жанындағы дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің құны төмендеді, ет өнімдерін өткізу бойынша қосымша әлеуметтік дүкендер ашылуда.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Б. Сағынтаев нұротандықтардың жұмысты қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді тиімді шешуге бағыттауы керектігін атап өтті. Халықтың жұмысқа орналасуға, білімге қол жеткізуге, әлеуметтік қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға қатысты сауалдарын шешуге ерекше назар аудару қажет.
Партияның кезектен тыс съезіне 28 нұротандық қатысады. Делегаттар қатарында Nur Otan партиясының саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, сондай-ақ партияның аудандық филиалдары мен Jas Otan жастар қанатының өкілдері бар. Жарғы құжаттарына сүйене отырып, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Б. Сағынтаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде съезд делегаттарының қатарына кірді.