Сайрагүл Сауытбайдың куәлігі тағы 3 айға ұзартылды

Фото Спутник Казахстан
Фото Спутник Казахстан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін отбасымен қауышу үшін Қытайдан қашуға мәжбүр болған қандасымыз Сайрагүл Сауытбайдың пана іздеуші тұлға куәлігінің мерзімі ұзартылды, деп жазады Sputniknews.kz.

28 қаңтарда Алматы облысы көші-қон басқармасы этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың «пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімін 3 айға, яғни 25 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Былтыр 25 шілдеде алты айға берілген куәліктің мерзімі 2019 жылдың 25 қаңтарында өткен болатын. Алматы облысы көші-қон полициясы Сайрагүл Сауытбайдың куәлігінің мерзімін еш кедергісіз ұзартты.

Сайрагүл Сауытбай өзіне «босқын» мәртебесінің не үшін берілмей отырғанынан хабарсыз екенін және барлық сұраққа адвокаты Абзал Құспан  жауап беретінін айтты.

«Мен Қазақстанға өз елім, жерім, отбасым деп келдім. Менде басқа мақсат жоқ. Аңсап келген отанымда бала-шағаммен бірге болсам деймін. Менің бақытым да, отбасым да осында. Ана үшін отбасынан артық еш нәрсе жоқ. Біздің билік те менің жағдайымды түсініп, өз Отанымда отбасыммен бірге тұруға мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді Сауытбай.

Еске сала кетсек, Сайрагүл Сауытбай былтыр мамыр айында Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен еді. Осы іске қатысты сот процесі бір айға жуық уақытқа созылып, сот оң үкім шығарды. 1 тамызда Алматы облысының Панфилов аудандық соты этникалық қазақты 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады.

Алайда Алматы облыстық көші-қон басқармасы Сайрагүл Сауытбайға «босқын» мәртебесін беруден бас тартты.


Этникалық қазақтың адвокаты Абзал Құспан ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасының атына облыстық комиссия шешімін жойып, Сайрагүлге «босқын» мәртебесін беру туралы арыз берген. Бірақ бұл инстанция да «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан.

«Ендігі қадам – ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комиссиясының шешімін сот арқылы «заңсыз» деп тану туралы талап-арыз беру. Қалай болғанда да, сот өндірісінде талап-арыз 1 ай қаралады, сосын сот процесі басталады. Бұл сот оң шешім шығармаса, одан жоғарғы, сосын одан жоғарғы… халықаралық сотқа дейін барамыз», — дейді осы істің басы-қасында жүрген журналист Сәуле Әбілдаханқызы.






Новости партнеров